Ергешбаев
Мұрат
Нәлқожаұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары бойынша Мәжілістің жалпы отырысына М. Ергешбаевтың қосымша баяндамасы

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары бойынша Мәжілістің жалпы отырысына М. Ергешбаевтың қосымша баяндамасы

Құрметті Ерлан Жақанұлы!

Құрметті әріптестер және шақырылғандар!

Аталған Заңдардың жобалары Қазақстан Республикасы Парламенті депутататтарының бастамашылығымен Мәжіліске 2023 жылғы 29 маусымда енгізілді.

Заңдар жобалары негізінен Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларының және Конституциялық Сот қаулысын жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге және салық заңнамасының кейбір нормаларын жақсартуға бағытталған.

Қаралып отырған Заңдар жобаларының негізгі мақсаттары, міндеттері мен тұжырымдамалық сәттері туралы әріптесіміз өз баяндамасында егжей-тегжейлі баяндап берді.

Осыған орай, қайталап айтпай-ақ, Мәжіліс қабырғасында Заңдар жобалары бойынша атқарылған жұмыстар туралы қысқаша ақпарат беруге рұқсат етіңіздер.

Заңдар жобалары бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» Қазақстан Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және салалық қауымдастықтардың өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 4 отырысы және Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

Заңдар жобалары аясында Жұмыс тобының қарауына депутаттар мен Мәжіліс Аппаратының Заң бөлімінен 60-қа жуық түзетулер келіп түсті. Депутаттардан келіп түскен түзетулер  заңдар жобаларының тұжырымдамасына қайшы келмейді, алайда мемлекеттік кірістерді қысқартуды көздейді. Сол себепті олар Үкіметке қорытынды алуға жіберілді. Жұмыс тобы оларды осы Заңдар жобаларын екінші оқылымда қарауға дейін мұқият қарастыратын болады.

Тағы ескеретін жайт, баяндамашы атап өткен Заңдар жобаларының негізгі нормаларын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заңдар жобаларына оң қорытындыларын берді.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Қаржы және бюджет комитеті бұл заңдар жобаларын бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынады.

Сіздерде заңдар жобалары бойынша Комитеттің қорытындылары бар.

Қолдауларыңызды сұраймын.

Рахмет.