Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Құрметті әріптестер!
Бірінші кезекте, 2020 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуларына қатысу барысында бітімгершілік күштердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудағы маңыздылығын ерекше атап өткенін айтқым келеді. Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық қағидаттарына адалдығын көрсетіп отырғанын атап өтті.
Бітімгерлер қызметінің негізгі қағидаттары бейбітшілікке мәжбүрлеу жөніндегі операциялардан басқа, заңдылық, халықаралық құқық нормаларын сақтау, бейтараптық, жергілікті халықтың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін құрметтеу, жауынгерлік іс-қимылдарға қатыспау болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ұлттық контингентінің бітімгершілік операцияларға қатысуы үшін заң жүзінде тиісті міндеттері мен құзыреттері айқындалған.
Өз кезегінде, қаралып отырған Хаттама Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысушы елдердің құрамында еліміздің бітімгершілік қызметін дамытуға мүмкіндік береді.
Хаттаманы ратификациялау Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі ұстанымын нығайтатынына сенімдімін.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде заң жобасын қабылдауды және оны Сенатқа жіберуді ұсынамын.
Қолдауларыңызды сұраймын.