Исабеков
Данабек
Ержанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
2023ж. 31.05. Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Энергетика министрі А.М.Сәтқалиевқа

Қазақстан Республикасының

Энергетика министрі

А.М.Сәтқалиевқа

Депутаттық сауал

Құрметті Алмасадам Майданұлы!

Менің депутаттық сауалым Шымкент қаласында табиғи газбен қамтылмаған халық саны көп орналасқан елді мекен мәселесі бойынша.

Өздеріңізге белгілі ресми мәлімет бойынша Шымкент қаласында 1,2 миллион тұрғын бар. Қаламыздың агломерациялық әлеуетін ескеретін болсақ 1,5 миллионнан асады.

Шымкент қаласына жақын орналасқан аудандардан инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қамту деңгейі төмен 41 елді мекен қосылған. Оның ішінде, халық саны және жер көлемінен ең үлкені – Қайнарбұлақ елді мекені.

Қайнарбұлақ елді мекеніндегі өзекті мәселе, 60 мыңнан астам тұрғындар табиғи газбен қамтылмаған. Тұрғындардың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып, жеке шаруашылықтар арқылы табыс табады. 

Осы елді мекенде 11 мектепте, 5 денсаулық сақтау ұйымдарында, 6 балабақшада және 3 спорт үйірмелер мен кәсіпкерлік нысандарында табиғи газдың болмауынан қиындықтар туындатуда.

Бұл мәселе Шымкент қаласындағы ең өзекті мәселелердің бірі.

Аталған елді мекенде тұрғындар тарапынан газбен қамту мәселесі жиі көтеріліп, тұрғындардың жан-айқайы қайта-қайта әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында айтылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылдың 27 қыркүйегінде Шымкент қаласына іс-сапары барысында қаладағы елді мекендерді инженерлік жүйелермен оның ішінде, табиғи газбен қамту мәселесін шешу бойынша тапсырма берді.

Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан Қайнарбұлақ елді мекенін газбен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленген. Жалпы құны 9,5 млрд.теңге.

Бүгінгі таңда, республикалық бюджеттен бөлінген 2,4 млрд.теңге, жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Бөлінген қаржының 1,7 млрд.теңгесі немесе 71% игерілді. Жыл соңына дейін қалған жұмыстарды толық аяқтап, елді мекенге  газ беру мүмкіндігі болып отыр. 

Аманат партиясының сайлауалды бағдарламасының өзекті басымдығы ретінде қаланың инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жасайтынымызды әрбір сайлаушыға жеткізген болатынбыз. Осы уәдемізді орындау – халықтың аманатын арқалау – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әр азамат лайықты өмір сүруге құқылы! Сондықтан Қайнарбұлақ елді мекені тұрғындарының орынды талап-тілектерін Сіздерге жеткізе отырмыз.

Сөзімді қорытындылай келе, аталған елді мекендегі   60 мыңнан астам тұрғындар мен әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды табиғи газбен қамту мәселесін шешу үшін, республикалық бюджеттен құрылыс жұмыстарын аяқтауға 2023 жылға қосымша қаражат бөлу қажет.

           Осыған байланысты бөлініп жатқан қаражаттардың игерілмей қалуы мүмкін қаупі бар жобалардан, ағымдағы жылға аталған жоба бойынша қаржыландыру көлемін қайта бөлу есебінен қарауыңызды сұраймын.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламент Мәжілісінің

депутаттары, 

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                                      Д.Исабеков  

                                                                                                     Қ.Балабиев

                                                                                                      Е.Әбдиев