Исабеков
Данабек
Ержанұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Шымкент қаласында тазарту құрылыстарын салу мәселесі бойынша депутаттық сауал

  Қазақстан Республикасының

Өнеркәсіп және құрылыс

министрі

Қ.Б.Шарлапаевқа

                                                                  

                                                                   Қазақстан Республикасының

Экология және табиғи ресурстар

министрі

Е.Н. Нысанбаевқа  

Депутаттық сауал

Құрметті Қанат Бисимбайұлы!

Құрметті Ерлан Нұралыұлы!

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасында халықтың табысы мен өмір сапасын арттыру, өмір сүру жағдайын жақсарту және экологиялық жағдайды жақсарту сынды халықшыл бағыттар көрсетілген. «Халықпен бірге!» деп аталатын бағдарламаның басым бағыттарын тиімді атқарып, халықтың сенімін ақтау маңызды іс. Өйткені халық – әділ сыншы!

Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Жолдауында «Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе» деп елде атқарылатын барша игілікті істер халықтың жайлы өмір сүруіне бағытталуы керек екенін айқын көрсетіп берді. Шынында, әлемнің озық елдері өздерінің бағдарламасы қаншалықты тиімді екенін, адамдардың сапалы өмір сүру салтымен өлшеп жатады.

Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, мегополис ретінде ілгері даму жолына түсті. Қала көркейіп, әкімшілік аумағы кеңейіп, халық тығыздығы өсіп, өркендеп келеді. Жаз мезгілінде қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп, халықты қандай мәселелер толғандыратынын білдік. Соның бірі – бұл қаланың кәріз жүйесіне мән беріп жүйелі жұмысына кешенді шешім қабылдауымыз керек.

Бұл Кеңес Үкіметі заманында қолданысқа берілген кәріз тазарту имараты ары кетсе 700 мың тұрғынды қамтамасыз етуге арналған. Қазір Шымкенттегі халық саны 1,290 мың адамға жеткені барлықтарымызға белгілі.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында тазарту құрылғылар кешені тәулігіне 150 мың текше метр ағынды суды өңдеуге (тазартуға) мүмкіндігі бар. Бірақ, қазіргі үлкен көлемдегі қалдықтарды өндеуге қуаты жетпейді. Соның салдарынан, арнайы тұнба алаңдарынан жағымсыз иіс ауқымның таралуы ұлғаюда. Тұнба карталарының периметрі бойынша «дымқыл тосқауыл» жүйесін орнатып, жағымсыз иісті кетіретін арнайы реагент шашылуда. Жағымсыз иісті сіңіре алатын ағаштың арнайы сорттары отырғызылып, аумақ қоршалды. Тазартылған ағынды су жиналатын Бөржар қоймасында арнайы өсірілген микроорганизм – хлорелла іске қосылды. Ол зиянды микроорганизмдерді жоюға бағытталып, қоршаған ортаны жақсартатын оттегіні шығаруда. Мұндай жұмыстардың өзі қазіргі сәтте жеткіліксіз екеніне көз жеткізіп отырмыз. Бұл мәселе – өңірдің тұрғындарын мен қонақтарын қатты алаңдатады.

2023 жылдың қаңтарында кәріз-тазарту құрылғылары кешенінің қосымша имаратының құрылысы басталған. 2024 жылы кешен тәулігіне 200 000 текше метр ағынды суды қабылдай алады. Кешенді кеңейту бойынша жобаның құны ҚҚС-сыз 3,5 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің Еуропалық Қайта Құру және даму банкінен алған несие қарызы (1,75 млрд.теңге) және Үкіметтің мемлекеттік қолдау түріндегі субсидиялары есебінен (1,75 млрд. теңге) қаржыландырылады.

Алайда, тәулігіне қосымша 50 мың текше метр суды тазарту шаралары жағдайды толыққанды жақсарта алмайды.

Бес жылдан бері кәріз жүйесінің қалдығына имарат жанындағы орналасқан Ынтамақ, Ынтымақ -1,2 жәнеде басқа елді мекендердің 40 мыңға жуық тұрғындарының жан айқайлары жағымсыз иістен демала алмай тұншығып отыр. Жеке үйлерде тұратын жұрттың көбі – көпбалалы отбасылар. Арасында жаман иістен ауру тапқандары да бар. Бұл алдын-ала шешілуі керек және кезек күттірмейтін шұғыл мәселе екені белгілі. Өйткені қазіргі тазарту қондырғыларының қуаттылығы ары кетсе 2028 жылға дейін ғана жетеді Аманат партиясының ең басты құндылықтары – адамға жайлы жағдай жасау!

          Сондықтан төмендегі ұсыныстарды ұсынамыз:

Біріншіден: Қаланың даму жоспарына сәйкес зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жобамен тәулігіне қосымша 350 мың текше метр кәріз-тазарту имаратының құрылысына техникалық-экономикалық негіздемені шұғыл тәртіппен орындап, тиісті жобалық-сметалық құжаттарды дайындап қаланың Бас жоспарына өзгерістер енгізу арқылы, жер телімінің бөлінуін нақты анықтауды;

Екіншіден: Арнайы тұңба аландарынан жағымсыз иісті болдырмау үшін, басқа ірі қалалар мен мегополистердің тәжірибесін ескере отырып, арнайы химиялық қоспаларды пайдалану арқылы бұл мәселенің шешілуіне республикалық деңгейден бақылауды күшейтуді;

Үшіншіден: Экологиялық ахуалды зерттеумен айналысатын еліміздің ғалымдар мен экология қауымдастықтардың ойларын, ұсыныс-пікірлерін  ескере отырып экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған республикалық кешенді бағдарламалар жасақтауға және тиісті Заң актілеріне өзгерістерді еңгізуді ұсынамыз.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы

Парламент Мәжілісінің

депутаттары, 

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері                                                      Д.Исабеков  

                                                                                                     Қ.Балабиев

                                                                                                     

Қазақстан Республикасы

Парламент Мәжілісінің

депутаты,

«Ақжол» Қазақстан Демократиялық

партиясы фракциясының мүшеcі                                         Қ. Иса                                                                                                    

Қазақстан Республикасы

Парламент Мәжілісінің

депутаты,

«Қазақстан Халық партиясы»

фракциясының мүшеcі                                                             Г.Танашева