Құрметті достар! Мен және әріптестерім Қарағанды облысына қарасты Балқаш қаласында болып, «Kazakhmys Energy» ЖШС ЖЭО-ның еңбек ұжымымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесін талқыладық.
Балқаштағы ЖЭО жабдықтары тоза бастаған.
ЖЭО-ның жылу қуаты сағатына 383,6 Гкалды құрайды. Кәсіпорында бас-аяғы 600 адам жұмыс істейді.
Өздеріңіз білетіндей, қыста болған төтенше жағдай Екібастұздағы жылу желілерінің, оның ішінде жылу электр орталықтарының жабдықтары тозғанын көрсетті. Бүгінде еліміздегі барлық жылу электр орталықтарының ескірген жабдықтарын жаңарту қажет. Оның ішінде, осы кәсіпорын да бар. Меншік иелері осы бағыттағы жұмысты жандандыруы керек. Тозу деңгейі 50%-дан асатын жылумен жабдықтау желілерін жаңғыртуға үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Ескірген құрылғылардың бар екенін де байқап отырмын. Құрылғылар моральдық тұрғыда ғана ескіріп қойған жоқ. Техникалық тұрғыда да қажетті қуат өндірмейді. Тозып бітудің аз-ақ алдында тұр.
Өз кезегінде, кәсіпорын басшылығы депутаттардан тарифті көтеруге қолдау көрсетуді сұрады.