Бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңдарының жобалары бойынша бірінші жұмыс тобы өтті.
Бүгінгі таңда электромобильдер әлемде кең таралып, оған деген сұраныс геометриялық прогрестік тұрғыда өсуде. Алайда, Қазақстанда электромобильдерді пайдалану үшін дамыған инфрақұрылымның болмауына, сондай-ақ олардың құнына байланысты электр қозғалтқышы бар автомобильдердің танымалдылығы жоғары емес.
Сонымен бірге, экологиялық таза көлік құралдарын пайдалануға енгізуді екі маңызды: экологиялық және экономикалық спектрде қарастыруға болады. Экологиялық аспектіде электр көлігінің жүргізушілері үшін жағдайлардың жақсаруы олардың санының өсуіне әсер етіп, өз кезегінде, әкелінетін автомобиль отынына елдің тәуелділігін төмендетеді, сондай-ақ СО2 көмірқышқыл газы шығарындыларын азайтуға алып келеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, электромобильдердің дамуын қолдау инвесторлар, автоөндірушілер, электр генераторлары, жеткізу тізбектері, желілік операторлар, энергия жеткізушілері, тұтынушылар, инфрақұрылым иелері мен әзірлеушілері, жылжымайтын мүлікті салушылар және электр энергетикасы мен автомобиль секторларының басқа да қатысушылары үшін көптеген мүмкіндіктер туғызады.
Заң жобасы электромобильдер инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Ұсынылып отырған түзетулер тұрғын үйлер, бизнес-орталықтар, сауда-ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану орындары және басқа да объектілерді салу кезінде, жол бойында, қоғамдық орындарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда электромобильдерді зарядтау құрылғыларына арналған жеке орындарды орналастыру мәселелерін қозғайды.
Ұсынылып отырған түзетулер Қазақстан Республикасының аумағында экологиялық таза көлік құралдарын танымал етуге мүмкіндік береді.
Заң жобасын іске асыру республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.