2023 жылғы 22 маусымда депутат Данияр Алдабергеновичтің ұйымдастыруымен Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» тақырыптық отырыс өткізді. Аталған іс-шараға Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Б.Б.Омарбеков, Өңірлік даму департаментінің директоры Д.Қ. Жамбайбек және Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты өкілдері қатысты. Бауыржан Бақытұлы Омарбеков Тұжырымдамаға таныстырылым жасады. Ол елді-мекендердің қазіргі жай-күйіне, өңірлер арасындағы базалық игіліктер мен қызметтерге қол жеткізудегі алшақтыққа, шешімін таппай отырған проблемаларға және өңірлердің даму перспективаларына тоқталды. Тұжырымдаманы талқылау барысында депутаттар ауыл халқынының басым бөлігі ауыл шарушалығы саласында еңбек ететін ескере отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға баса назар аудару керектігін айтты.