21 маусым күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының конференц залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері, сыйлы ағамыз Амалбек аға Қозыбақұлының «Айырылысу, табысу және арылу туралы толғам» атты мемуарлық кітабының таныстырылымы өтті. Бұл әдеби іс шараға зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар, әдебиетшілер, ақындар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Автор өз замандастарының басынан өткен жағдайлар туралы терең толғана отырып, дүниені мүлде басқа қалыпта қабылдайтын бүгінгі жас жеткіншектердің санасындағы психологиялық қайшылықтарды дұрыс пайымдауға тырысады. Түрлі ой-толғаныстан тұратын жинақ «Ұлы мәртебелі адам», «Ұйқыдағы патшалық», «Орға жығатын да, шыңға шығаратын да билік», «Жеміс ағашы және тас пен таяқ», «Атқа міндім екен деп», «Қос ананың құшағындағы жылу» атты негізгі алты бөлімнен тұрады.