06.11.2023 С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің базасында ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік мәселелері бойынша Аграрлық мәселелер Комитеті көшпелі отырыс өткізді. Отырысқа ауыл шаруашылығы, ғылым және жоғары білім, денсаулық сақтау, облыс әкімдіктері, ветеринария, өсімдіктерді қорғау және карантин саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары, сарапшылар мен ауылшаруашылығы тауар өндірушілер қатысты.
Жиын алдында қатысушылар қазақстан-қытай биогиялық қауіпсіздік жөніндегі зертханасының жұмысымен танысты. Зертхана жануарлардың жұқпалы ауруларын зерттеу және диагностикалау мақсатында құрылған. Қауіпсіздікті сақтау бойынша қытайдың стандарттары әлемдегі жоғары стандарттардың бірі. Олар тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген ағзалардың барын анықтау жүзден аса көрсеткіш бойынша жүзеге асырылады, ал біздегі тексеру небары 15 көрсеткіш бойынша жүргізіледі екен.
Отырыс барысында ветеринариялық және фитосанитариялық қызметтерді реформалау, жүйелерді цифрландыру, мамандар үшін мобильдік қосымшаларды енгізу, отандық вакциналар және дәрілік препараттарды әзірлеу мен пайдалану, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау мәселелері талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар жіберіледі.