Қасқарауов
Данияр
Алдабергенұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Бағдарлама

Данияр Қасқарауовтың сайлауалды бағдарламасының бағыттары

Күш әділеттілікте!

Ардақты ағайын! Құрметті жерлестер!

Мен «Күш әділеттілікте» деп білемін. Осы өмірлік ұстанымды сайлауалды бағдарламамның басты тақырыбына айналдырып, ту еттім. Себебі әділеттілік бар жерде татулық пен тұрақтылық, даму мен өркендеу, баянды болашақ бар.

Дәл қазір жас отбасыларға, ауылға, әлеуметтік салаға деген көзқарас пен оған бөлінетін қаржы көлемі мен қолдау әділетті емес. Сондықтан мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде төмендегі мәселелерді көтеріп, №12 округі бойынша жеңіске жетсем, мемлекеттік деңгейде келесі мәселелердің шешілуі үшін бар күшімді жұмсаймын:

1. Ел тілегін орындап, ауылды гүлдендіру.

2. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беруді қамтамасыз ету.

3. Спортты өмір салты ретінде дамыту.

4. “Мәдениеті жоғары мемлекет мәңгі жасайды” деген ұстаныммен тың жобаларды жүзеге асыру.

1. Ел тілегін орындап, ауылды гүлдендіру.

Ауылдың дамуы – ел дамуының маңызды факторы. Алматы облысы халқының 85%-ға жуығы ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Бүгінгі таңда өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласында жайылым жер тапшылығы (шамамен 1,4 млн. га), сумен қамтамасыз ету нысандарының тозуы (60-70%), арзан және ұзақ мерзімді несиелендіру жүйесінің қарқынды дамымауы (жылдық мөлшерлемесі 4-5% деңгейінде, 10-15 жылға), ескі техника үлесінің көп болуы сынды қордаланған мәселе бар. Бұларды шешу елімізде, әсіресе Алматы облысында ауыл шаруашылығының өркендеуіне себеп болары анық.

Сонымен қатар алдағы жылдары облысымызда бірқатар жобалардың жүзеге асырылуына өз үлесімді қосамын. Атап айтқанда:

- ауыл шаруашылығы өнімдерін (ет, сүт, балық, құс еті, жұмыртқа) өндіру және өңдеу жөніндегі жобалар (Балқаш ауданында - 3, Жамбыл ауданында – 2, Іле ауданында – 2, Қарасай ауданында-5);

- суғару жүйелерін жөндеу (Іле ауданының "Свинсовхозный", "Самбет" арналары, " Самсин а/о "Бурған қазыналық" және "Кемер бастоған" арналары, "Кемер"каналы Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Жамбыл а/о, Жамбыл ауданының "Унгиртас", "Киров" өзендеріндегі 11 суару жүйесі);

- фермерлерге лизингке ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсету;

- өзімізде өсетін өнімдерді импорттау деңгейін азайту.

2. Өскелең ұрпаққа сапалы білім беруді қамтамасыз ету.

Әділеттілікті дәріптеу – балалық шақтан басталады. Бүгінгі таңда балаларымызға тәрбие-білім беру әділетті жүріп жатыр деп айту қиын. Себебі бір балалар жақсы, заманауи жабдықталған мектепте оқып жатса, екіншілері үш ауысыммен, ескі мектеп ғимараттарында оқуға мәжбүр (облысымызда шамамен 7 мыңдай орын тапшы). Бір балалар балабақшаға барып, мектепке дайындықтарын шыңдап жатса, бір балалар балабақшаларда орын жоқтығына байланысты үйде отыруға мәжбүр (шамамен 10 мыңға жуық бала). Сондықтан мен білім беру саласында келесі мәселелердің шешілуіне атсалысамын:

- үш ауысымды мектептер санын азайту;

- мемлекеттік бюджет есебінен және жеке инвесторларды тарта отырып, жаңа балабақшалар ашу;

- жыл сайын тозған білім беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп отыру;

- мектептердегі заманауи оқу кабинеттерінің санын көбейту (әр жылда орта есеппен 100 кабинеттей);

- тұрмыстық жағдайы қиын отбасылардан шыққан балаларды мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақтануын ұйымдастыру;

- колледждердің оқушылары үшін жатақханалар санын арттыру.

3. Спортты өмір салты ретінде дамыту.

Қазір қаладағы барлық аулада ойын алаңдары, воркаут пен дене шынықтыруға арналған тренажерлар, футбол, баскетбол алаңдары  бар. Қаланың балалары жаттығу жасап, тәнін сауықтыра алады. Ал, ауыл балалары шаң-топырақ пен жол жиегінде доп теуіп жүр. Бұл әділетсіздік. Сондықтан әрбір ауылда спорттық жаттығулар жасайтын алаңқайлар, футбол, баскетбол алаңдарын салу керек. Сондай-ақ әр ауылда бокс, жекпе-жек, күрес секциялары ашылып, балаларды  жастайынан салауатты өмір салтына баулуды көздейміз. Чемпиондар ауылдан шығады деген сөзді іс жүзінде көргіміз келеді. 

4. “Мәдениеті жоғары мемлекет мәңгі жасайды” деген ұстаныммен тың жобаларды жүзеге асыру.

Мәдениет – ұлттың дамуының маңызды факторы. Бүгінгі таңда өңірімізде  жағдайы сын көтермейтін мәдениет нысандары баршылық. Ал кейбір елдімекендерде мәдениет үйлері мүлде жоқ.  Сондықтан алдағы уақытта келесі мәселелерді шешу қажет:

- Қарасай ауданының Жібек жолы, Жандосов, Айтей ауылдарында, Іле ауданының Боралдай, Жетіген, М. Түймебаев, Өтеген батыр, ҚазЦИК, Мұхаметжан Түймебаева, Байсерке ауылдарында, Жамбыл ауданының Шиен және Дегерес ауылдарында мәдениет нысандарын салу;

- Қарасай ауданының Жамбыл ауылдық округіне 100 орындық клуб салу мәселесін шешу;

- Қарасай ауданының Береке ауылындағы, Балқаш ауданының Жиделі және Балатопар ауылдарындағы мәдениет ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу;

Құрметті сайлаушылар!

Алдағы сайлауда маған дауыс беріп, еліміздің Парламентінің Мәжілісі депутаты болып сайлануына ықпал етсеңіздер, әр салада әділеттілік орнатуға бар күш-жігерімді саламын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Себебі Әділетті қоғам – қуатты қоғам, жасампаз қоғам!

Әділетті де дамыған қоғамды бірге құрайық!