11.08.2023. Мәжіліс депутаты Данияр Алдабергенұлының бүгінгі кездесуі «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының жұмысымен танысудан бастау алды.
Пандемия кезінде жабылып, төрт ай бұрын жұмысын бастаған «Қорғас» орталығы – Қазақстан-Қытай шекарасындағы сауда-саттық алаңы. Ол ел экономикасына қан жүгіртетін және екі ел арасындағы алыс-берісті арттыру үшін ашылған болатын.
Депутат орталықта жақсы жаңалықтардың бар екенінің куәгері болды. Атап айтсақ, ШЫХО-да Қазпоштаның бөлімшесі мен терминалы жаңадан жұмыс жасай бастапты. Енді Қытайдан алған тауарыңызды арқалап жүрмейсіз. Пошта қызметіне жүгінсеңіз, шекарадан тез шығарып береді. Тіпті шалғайдағы аудан, ауылға дейін жеткізу көзделген. Бұл сауда орталығында бір адамға айына небәрі 31 келі жүк алып өтуге рұқсат берілген. Одан асып кеткен артық салмақты тек пошта арқылы шығару керек. Бұл шекарадағы жемқорлықты жоюға бағытталған жақсы қадам.
«Қазақ-Қытай шекарасынан күніне мың сан көлік тауар тиеп өтеді. Мұнда көлеңкелі бизнестің де қарқын алуы мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта «Нұр жолы», «Қалжат», «Қорғас» кеден бекетінің жұмысымен танысып, жүк көліктерінің жүргізушілерімен тілдесіп, шекарада жемқорлықтың бар-жоғын білу жоспарымда бар» – деді Данияр Алдабергенұлы.