Жұмыс барысында депутаттарға аймақтардан көптеген шағымдар мен талап-арыздар түседі. Оның әрқайсысына көңіл бөліп, жұмыс жасау қажет. Сондай арыздардың бірі Алматы облысы Іле ауданы Междуречинский ауылдық округынан түсті. Шаруашылық құрылтайшысы Мәрлен Әлжанұлы Абулғазиннің жанайқайына бей-жай қарай алмай, депутат өз көзімен көріп-білу үшін, бүгінгі кездесудің ат басын «Ризық Агро» ЖШС-ге бұрды.
Аталмыш шаруашылық мал өсіріп, егін салып, ет-сүт өндіруді қолға алған. Қазір 700 бас жылқы, 2000 қой ұстап отыр. Енді Германиядан 340 бас асыл тұқымды сауын сиыр алдырмақшы. Осы арқылы сүт фермасын ашуды жоспарлап отыр екен. «Бірақ қаржы қолбайлау болып тұр» дейді шаруашылық басшысы. Сондықтан құны 780 млн. теңге тұратын шетелдік құрылғыларды жеңілдетілген несие арқылы алмақ болғанын айтты. Алайда, шенділер қағазбастылыққа салып, қолдау көрсетуден бас тартқан көрінеді.
«Ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жақсы қолдау жасалып жатыр. Бірақ жекелеген жауапты органдардың кесірінен тиісті қаржы қарапайым шаруаларға жетпей жатыр. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын ашамын, ауыл шаруашылығын дамытамын деген азаматтарға қолдау көрсетуіміз керек» – деп депутат бұл мәселені назарда ұстап, қолдауды жөн көрді.