Ағымдағы жылғы 22 тамызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Алдабергенұлы Қасқарауов Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу жоспары бойынша қоғамдық ашық тыңдаудың отырысына қатысты.
Оған ауыл тұрғындары, әкімдік өкілдері, депутаттар мен қоғам белсенділері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарынан 31 арнаның, Ұлттық арнаның, «Атамекен» бизнес арнасының, Алатау ТВ, Жетісу ТВ-ның, Адырнаның, ҚазАқпараттың, Курсивтің, Закон.кз-тың, «Азаттық» радиосының өкілдері қатысты.
Балқаш көлінің жағасында АЭС салуға ауыл тұрғындары қарсы емес. Себебі жергілікті ауылдың тұрғындары бұл жоба басталса, жаңа жұмыс орындары ашылып, қаңырап қалған ауылдың өміріне қан жүгіріп, қайта жанданады деген үміт бар.
Алайда, эко-белсенділер АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Олар Жапония мен Украинадағы жағдай қайталанып, халық жапа шегеді деген уәж айтуда. Бүгінгі тыңдауда қолдаушылардың да, қарсы тараптың да пікірі тыңдалды. Отырысы қызу әрі тартысты өтті.
Екі жақтың пікірін тыңдаған депутат, «енді АЭС салу мәселесін нағыз мамандар, сарапшылар шешуі тиіс» деді. Әзірге біздің елде АЭС салуға Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей ниет білдіруде, бірақ нақты әлі ешкім таңдалмаған.