Бүгін Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Алматы облысы Жамбыл ауданының халқымен кездесті. Оған ауыл тұрғындары мен әкімдері, мәслихат депутаттары және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Жамбыл ауданы негізінен ауыл шаруашылығымен күнелтіп отыр. Мал басы соңғы оншақты жылда еселеп өскен. Сондықтан, төрт түліктің жем-шөбі мен жайылымына жер жетпейді. Халық бүгінгі кездесуде осы мәселені көтерді. Сондай-ақ егін алқаптарын суғаруға ылғал жетіспейді екен. Себебі аудандағы су жүйелері әбден тозған. Каналдардың арнасы бітеліп қалғандықтан, суды тасымалдау кезінде 80% су жоғалады. Сондықтан жергілікті және республикалық бюджеттен су жүйелерін қалпына келтіруге 28 млрд теңге қарастырылған. Биыл сол қаржының 1млрд теңгесі бөлінді. Демек алдағы жылдары су мәселесі толық шешілсе, аудандағы суармалы алқаптардың көлемі ұлғайып, ел игілігіне жұмсалады.