Бүгін депутат Данияр Қасқарауов Алматы облысындағы ең шалғай аудандардың бірі - Балқашқа барды. Кездесу аудан әкімшілігінің ғимаратында өтті. Жиынға аудан активі, құқық қорғау орган басшылары, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер қатысты. Іле өзенінің сағасында орналасқан ауданда туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер бар. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленбеген, кедергілер көп. Мәселен өңірде 28 демалыс орталығы бар. Соның тек 12-і ғана аудан бюджетіне салық төлеп, жұмыс жасап жатыр. Қалған демалыс орындары заңды тіркелмеген. Сондықтан салық түсімдері аз. Сондай-ақ, өңірде заңсыз аң аулау дерегі көбейген. Браконьерлер табиғатты талқандап, аң-құстарды қынадай қыруда. Сондықтан, аудан халқы аң аулауға мараторий жариялауды сұрап отыр. Тұмса табиғатты сақтап, жабайы аң-құстардың қырылуын тоқтату үшін, шұғыл шешімдер керек. Депутат бұл мәселелерді мәжіліс мінберінде көтеретінін айтты.