Бүгін 2023 жылғы 14 маусымда Мәжілістің жалпы отырысында он екі сұрақ қаралды. Оның бірі, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы.
Қазіргі таңда ең негізгі мәселелердің бірі – ұлттық байлықтың теңдей бөлінуі. Ал, Ұлттық қордың мақсаты – болашақ ұрпақ игілігіне арналған қаражатты жинақтау. Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің табиғи байлығы – минералды ресурстар есебінен жинақталған Ұлттық қордан өскелең ұрпаққа жыл сайын қаражат аударуды тапсырды. Осы тапсырманы орындау негізінде әзірленген, бұл заң жобасының бастамашылары ҚР Парламентінің депутаттары. Ал, әріптесіміз депутат Үнзила Шапақ баяндама жасады.
Әзірленген жобаға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлінеді. Ол тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу және білім алуға пайдалану үшін ұсынылып отыр. Ал, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады. 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады. Заң жобасы бүгін бірінші оқылымнан өтті, алда әлі екінші оқылым бар.