2023 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитетінің кезекті отырысы болды.
Күн тәртібінде 6 мәселе қаралды. Өз кезегінде депутат Данияр Қасқарауов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады.
Баяндама барысында депутат заң жобасына байланысты жалпы түсініктеме беріп, енгізілетін негізгі өзгеріске тоқталды. Ол – қоғамдық бірлестіктерді тіркеу үшін бастамашы азаматтардың санын 10-нан 3-ге дейін азайту жөнінде.
Комитет мүшелері заң жобасын қолдағанымен, енгізетін бұл өзгерісті алып тастауды дұрыс көрді. Оған негіз ретінде, ұсынылған түзету жұмыс істемейтін немесе формалды түрде құрылған қоғамдық бірлестіктер санының негізсіз өсуіне, аз қатысушылары бар қоғамдық бірлестіктер құру бастамасы оларды құру ниеттерінің маңыздылығына күмән тудыруға алып келуі мүмкін деп шешті. Мәселені талқылау барысында осы ұсынысты комитеттің атынан берілетін қорытындыға енгізуді бір ауыздан қолдады.