Бүгін Данияр Алдабергенұлы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын комитеттің отырысында баяндама жасады. Заң жобасы бойынша кәсіпкерлік Кодекс, Күзет қызметі, Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау, Ішкі істер органдары туралы заңдарға өзгерістер енгізу көзделген.
Мұнда жеке күзет ұйымдарын кәсіпкерлік субъектілерінің қатарынан шығару, заңды тұлғалардың қызметі тоқтатыла тұрған жағдайда 15 жұмыс күннен аспайтын мерзімде қолда бар қару мен патрондарын заңнамаға сәйкес тәртіппен сақтауға тапсыру, тіркелген жерден тыс жерде күзет қызметін көрсететін жағдайда 5 жұмыс күн ішінде аумақтық құрылымдық бөлімшеге тиісті хат жолдау, қылмысқа қарсы іс қимыл желісі бойынша Ішкі істер немесе ҰҚК есебінде тұрған адамдарды күзетші және күзет ұйымының басшысына жұмысқа қабылдауға тыйым салу және тағы басқа да өзгерістер енгізілетін болады.
Бүгінде республика бойынша өз қызметін уақытша тоқтатқан және өз арсеналында қызметтік қаруы бар 800-ге жуық жеке күзет ұйымдары бар екен. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп, қаруды қылмыстық мақсатта пайдалануы мүмкін деген себептермен заң жобасы арқылы біраз өзгерістер мен шектеулер енгізгелі отыр.