2023 жылғы 3 мамырда жарияланды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары А. С. Көлгіновке
Депутаттық сауал
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Өздеріңізге белгілі, Борис Төкенұлы Керімбаевты білмейтін қазақ жоқ. "Қара майор" деген лақап атпен танылған жерлесіміз - күркіреген күндей "Ауған соғысында" қазақ ерлігінің үлгісі болды.
Иә, бұл - күрделі соғыс, кеңестік майдан. Дегенмен осы жан - қазақтың кім екенін танытты.
Менің қояр сауалым, осындай ержүрек азамат әлі "батыр" атағын алған жоқ. Тіпті атында көше де жоқ! Борис Төкенұлының батырлығын насихаттайтын әдеби шығарма жазылып, көркем фильм түсірілген жоқ.
Тарих бүгіннен ғана емес, ертеңнен де құралады. Неге осындай батырлар ескерусіз қалды?
Бүгін қазақ әскерінің немесе сарбазының кескінін қалыптастыруда кемшін қалып жатырмыз. Өкінішке орай отан қорғау ісі бүгін мақтанышты, абыройлы міндет бола алмай жүр.
Бұған басты себеп, қазақ сарбазының жағымды образын жасай алмай қалдық. Біздің соғыс жайлы туындымыз "екінші дүние жүзілік соғыспен" бітіп жүр. Ал, аталарымыз, ағаларымыз қан кешкен "ауған соғысы" өз бағасын алған жоқ.
Бейбітшілік іргесі шайқалмау үшін, біз бар майданға рухтық тұрғыдан сай болуымыз керек.
Сол себепті "қара майор" образына жаңаша қарап, батырдың ерлігін ескеріп, «Халық қаһарманы» атағын беруді сұраймыз.
Құрметпен, депутаттар Д. Қасқарауов Ж. Амантайұлы Е. Бапи Б. Керімбек А. Қалықов А. Қожаназаров С. Пономарев И. Сұңқар
ЖАУАП
№ исх: 16-10/2052 дз от: 05.06.2023 № вх.2150//16-10/2052дз/ДС-137 от: 06.06.2023 |
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына (тізім бойынша)
2023 жылғы 4 мамырдағы № ДС-137
Құрметті депутаттар!
Сіздердің Борис Төкенұлы Керімбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарастырып, мынаны хабарлаймын.
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңына сәйкес, елді мекендердің құрамдас бөліктері мен мемлекеттік заңды тұлғаларға атау беру және оларды қайта атау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде Республикалық ономастика комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) отырысында қаралады.
Бүгінгі таңда елімізде атау беру және қайта атау жұмыстарында Президент Әкімшілігімен келісілген, Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясында мақұлданған «Тарихи тұлғалар» тізімі (бұдан әрі – Тізім) басшылыққа алынады. Анықтама үшін: биылғы жылғы Тізімді өзектендіру мақсатында жергілікті әкімдіктер тарапынан тиісті ұсыныстар жинақталып қойылды.
Қолданыстағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, жергілікті әкімдіктер тарапынан түскен ұсыныс хаттардың негізінде Тізім өзектендіріліп отырады.
Бұл ретте жылына бір рет Тізім өзектендіріледі, сол себептен Б. Керімбаевтың есімін Тізімге енгізу бойынша мәселе келесі жылы Алматы облысы әкімдігімен бірлесіп қаралатын болады.
Сонымен қатар Борис Төкенұлының батырлығын насихаттау үшін және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, патриоттық қасиеттерді қалыптастыру мақсатында 2018 жылы «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының кешенінде «Жизнь специального назначения» («Қара майорі») атты деректі фильм түсірілген болатын.
Фильмде аты аңызға айналған Ауған соғысының батыры Б. Керімбаевтің тағдыры, оның ұрыс даласындағы ерліктері, батальон жауынгерлерімен бірге басынан өткерген қиын сәттері және даңқты батыр туралы әріптестерінің естеліктері баяндалады (фильмнің сілтемесі https://youtu.be/AZrobSsvFek).
Одан басқа, оның жауынгерлік іс-қимылдарда көрсеткен ерліктері үшін Кеңес Совет Республикалар Одағының жоғары үкіметтік наградаларымен және белсенді қоғамдық жұмысы үшін 2011 жылғы Президенттің Жарлығына сәйкес І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған болатын.
Б.Т. Керімбаев Қорғаныс министрінің бұйрығымен 2018 жылы қаңтар айында І-ші дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталды, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде «Қара майор» ауыспалы вымпелі тағайындалды және 2019 жылы Алматы қаласында орналасқан әскери бөліміне аты берілді.
Еліміздің мүддесін қорғау үстінде көрсеткен батылдығы, ерлігі, қаһармандығы үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау қайтыс болғаннан кейін де жүргізілуі мүмкіндігін ескере отырып, Қорғаныс министрлігі өз тарапынан «Халық қаһарманы» атағын беру туралы ұсынысты Президент Әкімшілігі жанындағы мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның қарауына енгізетін болады.
А. Көлгінов