2023 жылғы 3 мамырда жарияланды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Ə. Смайыловқа
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Б. Асыловқа
Депутаттық сауал
Құрметті Əлихан Асханұлы!
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Осыдан он шақты жыл бұрын «блогер» деген сөз қазақ қоғамына алғаш енгенде – біз оларды сапалы контент жасайтын жас мамандар деп қабылдаған едік. Алғашында бəлкім солай болған да шығар, бірақ қазір «блогер» деген кім?
Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар.
Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мəнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дəрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, əлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып əлек.
Дəл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бəріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?
Елде болып жатқан түрлі əлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді. Расталмаған қауесеттің əлеуметтік желі арқылы тез тарауынан Қордай оқиғасының немен аяқталғаны бəріңізге мəлім.
Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар.
Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке əуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мəдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ, осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама?!
Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс.
Ал, мұның бəрі біздегі заңнамада блогер мəртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар əрине, ойына келгенін істейді.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Халыққа шын жанашыр блогерлер де біздің елде жоқ емес. Көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жəрдем беріп, əлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріме тек бас иемін. Оқырманға қызықты əрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де айтар дауымыз жоқ.
Бірақ, əлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы шу. Бастысы сөз.
Кімнің болмасын алдында тікеңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз! Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – əдепті, сондықтан да жұмыссыз.
Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын жəне медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деп тапсырған болатын.
Алайда бұл заңның əлі дайын еместігін көріп отырмыз.
Сондықтан, біріншіден, Аталған заң жобасына жауаптылардың əрекетіне тиісті баға берілуі керек.
Екіншіден, тез арада БАҚ туралы заңды пысықтап, Мəжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мəселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артуда.
Сауалға белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Анас Баққожаев Серік Егізбаев Жигули Дайрабаев Аян Зейнуллин Қарақат Абден Николай Арсютин Ерболат Саурықов Таңсауле Серіков
«Amanat» партиясы фракциясының депутаттары Ерлан Əбдиев
Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған депутаттар Данияр Қасқарауов Жарқынбек Амантайұлы