Қасқарауов
Данияр
Алдабергенұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне

2023 жылғы 3 мамыр жарияланды 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Ә.А.Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-орында бола тұра, елімізде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің ауыл шаруашылығы алқаптарына қажеттіліктерін толық көлемде қанағаттандыра алмай отырған парадокс жағдай орын алып отыр.

Барлық дерлік өңірде фермерлік шаруашылықпен айналысқысы келетін азаматтарды қамтамасыз ету мәселесі жер ресурстарының жетіспеушілігіне келіп тірелуде. Ал, қазіргі таңда ең өзекті болып тұрған жұртшылықтың малына жайылымның жетіспеушілігі проблемасы Жайылым туралы заңды қайта қарау мәселесін Парламенттің жұмыс жоспарына қайтаруда.

Мәселені шешу нұсқаларының бірі Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Ұлытау және Қарағанды облыстарында орналасқан әскери полигондардың жерлерін пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстан–Ресей комиссиясы мүшелерінің ұстанымын түбегейлі өзгерту болып табылады.

1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан әскери полигондарға 1 га үшін 1 мың 50 теңге болатын мардымсыз ақыға 8 жарым млн. гектардан астам немесе 86 мың км2 жерді жалға алатыны жалпыға белгілі факт. Мұның үстіне бұл жалға алу сомасы 2005 жылдан бері өзгертілмеген. Бұл орайда жердің құнын кім және қандай әдістеме бойынша бағалады әрі жалдау мерзімі қашан аяқталады, бір гектар полигонды толық қайта қалпына келтіру үшін бір мың теңге жеткілікті ме немесе мұның бәрі республика бюджетіне салмақ боп түспей ме деген сұрақ туындайды.

Салыстырма үшін, полигондардың ауданы Әзербайжан (86,6 мың км2), БАӘ (83,6 мың км2), Чехия (78,9 мың км2), Грузия (69,7 мың км2) немесе екеуін қоса алғанда Дания мен Нидерланды сияқты мемлекеттердің аумағымен бірдей.

Жоғарыда аталған комиссия жұмысының материалдарын зерделеу мемлекетіміздің өкілдерінің тісі батпайтын тұстарды көрсетті, ал Ресей тарапы өз мүдделерін өте қатаң ұстануда, айтпақшы, дәл осындай жағдайды ЕАЭО мәселелері аясындағы келіссөздерде де жиі байқауға болады.

Осыған байланысты комиссиясының Қазақстан тарапынан мүшелерінің тізімін беруді сұраймыз және бұл бақылау үшін ғана емес, біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізу шеңберінде комиссия мүшелеріне кез келген жәрдем көрсетуге дайынбыз.

Жалдау шартының келесі қайта қарау мерзімі – 2030 жыл. Сондықтан халықаралық уағдаластықтардың мызғымастық қағидаттарын қолдай отырып, Қазақстан Республикасының Парламентіндегі Ауыл партиясының фракциясы Қазақстан Республикасы Үкіметіне мынадай ұсыныстар енгізеді.

Жоғарыда аталған комиссия шеңберінде:

1) ағымдағы жылдың өзінде сынақ полигондарының жер учаскелерін халықтың ауыл шаруашылығы қызметінің мүддесі үшін азайту. Мысалы, 2019 жылдың өзінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Сыртқы істер, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне облыс аумағында Ресей Федерациясы жалға алған полигон аумағын 1 млн.100 мың гектарға (Бөкей ордасы ауданы бойынша 700 мың га, Жаңақала ауданы бойынша 400 мың га) қысқарту жөнінде пысықталған ұсыныс енгізді. Қорғаныс министрлігі Жол картасын әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі бекіткен болатын. Бірақ баяғы жартас - сол жартас;

2) жерді кейіннен қайта қалпына келтіру қажеттігін ескере отырып, полигондарды жалға алу ақысының мөлшерлемесін шынайы мөлшерге дейін ұлғайту жағына өзгерту;

3) 2030 жылы жерді әскери полигондарға жалға беруді ұзарту немесе тоқтату мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұстанымын айқындау жөніндегі келіссөздер дереу басталсын.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді полигондарға беруден республикалық бюджеттің шығындары туралы ақпарат пен есептерді осы сауалға жазбаша түрде қоса беріп отырмыз.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелері және оларды іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

Қосымша 1 парақта.

Құрметпен, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясының мүшелері С. Егізбаев Ж. Дайрабаев А. Баққожаев Қ. Абден Н. Арсютин А. Зейнуллин Е. Саурықов

Т. Серіков

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері Н. Сәрсенғалиев С. Нұртаза

Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі И.Сұңқар

Бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған депутаттар А. Құспан Д. Қасқарауов