2023 жылғы 24 мамырда жарияланды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А. Смайыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Кейінгі 3 жылда ауыл шаруашылығы өніміне 8 тыйым салынып, 5 квота енгізілді және 2 экспорттық баж салығы болды. Сарапшылардың бағалауы бойынша бұл шешімдер ауыл шаруашылығы саласына 1 триллион теңгеден астам залал келтірген.
Бұл ретте \тері, пияз, қырыққабат, картоп,\ \бидай экспортына\ салынған тыйымды және күнбағыс дәнін экспорттауға енгізілген квотаны атап өтуге болады.
Экспорттық шектеулер мен квоталардың түпкі мақсаты қандай болғанын болжау қиын емес, алайда нәтижесін бір мысалмен көрсетейін.
2022 жылғы шілдеде Өзбекстаннан келген кәсіпкер қазақстандық бидайдың тоннасын 520 доллардан алуға келісімшарт жасасқан. Сол жылдың тамыз айында бидайға квота енгізіледі де, қыркүйек айында 520 доллардан алуға келісіп отырған кәсіпкер сол бидайды 350 доллардан сатып алған.
Бауырлас елден келген кәсіпкер біздің Үкіметке дұғай сәлем мен ерекше рахмет жолдап отыр. Бұл жерде зардап шеккені - біздің кәсіпкерлер ғана. Сонда Үкіметіміз кімнің мүддесін қорғауда?
Қазір Үкімет күнтізбесінде осы салаға қатысты екі мәселе тұр:
Біріншіден: қайта өңдеу көлемін ұлғайту.
Екіншіден: азық-түлік бағасының өсу қарқынын төмендету.
Үкіметтің логикасына сенсек, бұл міндеттерге экспортты тежеу, соның ішінде өнімді шығаруға тыйым салу арқылы қол жеткізуге болады екен. Алайда, экономика заңдылықтары бұлай жұмыс істемейді.
Экспортқа шектеулер мен тыимдар қолданысқа енген соңғы 3 жылдық кезеңде азық-түлік инфляциясының өсуі 50%-дан асты. Мемлекет келтірген 1 трлн шығынды отандық өндірушілер ішкі нарықтағы бағаны өсіру арқылы қайтаруға мәжбүр.
Мысалы, күнбағыс дәнін экспорттауға шектеу қабылданған кезеңнен бастап оның бағасы 3 жылда литріне 400 теңгеден 809 теңгеге дейін, 2 есеге өскен.
Экспортқа тыйым салу, сайып келгенде, ішкі өндірістің дамуына кері әсерін тигізіп отыр.
Осының әсерінен отандық өнімдер импортталған өнімдермен бәсекеге қабілетсіз болып қалуда.
Қазір, кез келген дүкеннің сөрелерін ресейден және белорусьтен келген сүт, жұмыртқа, \тауық еті\ секілді өнімдер толтырып жатқаны, айтқандарымыздың айқын дәлелі емес пе?
Жоғарыдағы дәйектерді ескере отырып, Үкіметке келесі сұрақтарды қойғымыз келеді:
Мемлекет экспортқа енгізілген тыйым салу мен шектеуден қандай нәтиже алынды? Нақты сандар мен көрсеткіштер қандай? Себебі, біз бүгінгі күннің өзінде Ұлттық жобадағы нысаналы индикатордың жоспарынан 1 млрд долларға артта қалып отырмыз.
Ендігі кезек, Үкіметке шешім ретінде бірқатар ұсыныстарымызды жеткізсек:
Біріншіден: экспортқа шектеу енгізу рәсімін қиындату және реттеу;
Екіншіден: тыйым салу мен шектеу енгізу кезінде кәсіпкерлер үшін жоғалған пайданы өтеу, не өнімді нарықтық бағамен сатып алу механизмін қарастыру;
Үшіншіден: жедел шара ретінде ведомствоаралық комиссияға салалық қауымдастықтар мен одақтардың өкілдерін енгізу.
Депутаттық сауалды қарап, қабылданған шаралар туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Respublica» партиясы Фракциясының мүшелері А. Қожаназаров Р. Берденов О. Құспеков Н. Тау Д. Шүкіжанова
Д. Наумова
«Қазақстан халық партиясы» Фракциясының мүшелері И. Смирнова К. Сейтжан
«Ауыл» партиясы Фракциясының мүшесі А. Зейнуллин
«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшелері Н. Әшімбетов П. Казанцев
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Д. Қасқарауов