Қасқарауов
Данияр
Алдабергенұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР Премьер-Министрінің орынбасарына

2023 жылғы 6 қыркүйекте жарияланды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Т. Б. Дүйсеноваға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

Алматы облысында Жетісудың жауһары, еліміздегі жеті кереметтің біріне баланған Көлсай көлдері бар. Ұлттық парк аумағындағы ең шұрайлы жерлер кезінде жекенің қолына өтіп кеткен. Басында бұл жерлер Ауыл шаруашылық мақсатқа, шабындық және жайылымға  деп берілген.

Енді кәсіпкерлер қонақ үй, бассейн, дәмхана салып жатыр. Мәлімет бойынша бірде біреуінің құрылыс салуға рұқсат қағаздары жоқ. Жер мақсатсыз пайдаланылуда. Ал, Ұлттық парк аумағында капиталды құрылыс жүргізуге болмайды, деген ережені ешкім елемейді. Құзырлы орындар да оны тексеруге, шара қолдануға құлықсыз.

Ресми мәліметтер бойынша соңғы бір жарым жылда «Көлсай» көлдеріне жарты миллион турист келіпті. Көлдің айналасында бос жер жоқ. Айналаның бәріне шамамен үш жүздей киіз үй мен тамақтану шатырлары тігілген. Ешқайсысында дәретхана жоқ. Таулы аймақта кәріз жүйесі болмағандықтан шайынды сулар мен нәжіс жерге сіңіп жатыр. Септик, ассенизатор деген атымен жоқ. Осылайша тұмса табиғаттың экологиясы бұзылуда. Қала берді түтіні будақтаған көліктер көлдің басына дейін барады.

Ал, Алматыдағы Медеу мен Шымбұлақ шатқалдарына тек электромобильдердің кіруіне ғана рұқсат берілген. Екеуінің де Ұлттық парк деген мәртебесі бар. Сондықтан Көлсайға да сондай шектеу енгізбесек, енді 5-6 жылда еліміздегі ең көрікті жерден айырылып қаламыз.

Біз сыртқа кеткен активтерді қайтарамыз деп жаңа заң қабылдадық.  Ел ішінде де кезінде қолды болған, арзан бағаға сатылған, заңсыз өзгенің иелігіне өткен осындай шұрайлы, ерекше қорғауды қажет ететін жерлер бар.

Арнайы комиссия құрылып соларға кешенді тексеру керек.

Осы ретте жалғыз Көлсай емес барлық Ұлттық парк аумағындағы сатылған, ұзақ жылға жалға берілген барлық жерлердің заңдылығын тексеріп  мемлекет меншігіне қайтару қажет деп санаймын. Депутаттық сауалымызға тиісті заң талабы бойынша жауап беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,  Д. Қасқарауов  Б. Базарбек  Д. Исабеков

***

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына (тізім бойынша)

2023 жылғы 7 қыркүйектегі № ДС-295

Құрметті депутаттар!

Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді функционалдандыру мәселелеріне қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабарлаймын.

Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жер учаскелерін пайдалану туралы

Үкіметтің 2007 жылғы 7 ақпандағы № 88 Қаулысымен «Көлсай көлдері мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Ұлттық парк) құрылды.

«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның (бұдан әрі – заң)
23-бабына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін алып қоюға жол берілмейді.

Осыған байланысты, 2007 жылдан бастап Ұлттық парктің жері жеке меншікке берілмеді.

Заңның 46-бабына сәйкес туристік және рекреациялық қызметті салуға арналған учаскелер ұлттық парктің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес және қазіргі инфрақұрылымен де, жаңа инфрақұрылым құру үшін де туристік, рекреациялық (уақытша құрылыстар ғана салу үшін) және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында ғана беріледі.

Сондай-ақ, ұлттық парктің учаскелері туристік және рекреациялық қызметті құру үшін бес жылға дейінгі мерзімге қысқа мерзімді пайдалануға және жиырма бес жылға дейінгі мерзімге ұзақ мерзімді пайдалануға беріледі. Осы учаскелерді ұсыну мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті салу қағидаларына сәйкес конкурс арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Ұлттық паркте 2 ұзақ мерзімді және 8 қысқа мерзімді пайдаланушы бар.

Анықтама: «JS Travel» ЖШС, «Cross Road» ЖШС, «Отбасы» ЖК, «Атамекен Транс» ЖШС, «Нұр Сая» ЖК, «Арн Групп» ЖШС, «Тлемисов К.» ЖК, «Алимова М.» ЖК, Егізбаев Тельман, «Сафари Таушелек» ЖШС.

Жер паркінің барлық пайдаланушылары өз қызметін азаматтық заңнамаға сәйкес ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді пайдалану шарттары негізінде жүргізеді. Құрылыс эскизге (эскиздік жобаға) сәйкес әзірленген жобалау-сметалық құжаттамамен бірлесіп жүргізіледі.

Бүгінгі таңда құрылыста бұзушылықтар анықталған жоқ.

Көлсай көлінің аумағында 4 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) және Қайыңды көлінің аумағында 2 торап жұмыс істейді. Олардың кәріз жүйесі деректер жерге ағып кетпеуі үшін жасалған. Кейін олар арнайы бөлінген аумаққа (полигонға) автокөлік-парк ассенизаторымен шығарылады. Ағымдағы жылдың 8 айында Ұлттық саябақта 6 СГТ-дан ассенизатор автокөлігімен 3000 текше метр шайынды су шығарылды.

Көлсай көлінің аумағына тек электромобильдердің кіруіне рұқсат беруге қатысты

Электромобильдердің саябақ аумағына ерекше кіру мәселесін Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп пысықтауда.

Ұлттық парктегі ауаның пайдаланылған газдармен ластануына келетін болсақ, қазіргі уақытта Көлсай көлінен 2 шақырым жерде, жергілікті атқарушы органның аумағында автотұрақты орналастыру мәселесі пысықталуда.

Мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағын заңсыз пайдалану бойынша

Заңның 23-бабының 3-тармағына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін кез келген қызметке тыйым салынады.

Ұлттық парктердің жер учаскелерін пайдаланудың заңдылығы бойынша қажетті талдау жүргізу мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылады, оған мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері кіреді. Бұдан әрі әрбір жер учаскесі бойынша тиісті процестік шешімдер қабылдау үшін ұсыныстар енгізілетін болады.

Жалпы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және пайдалану жөніндегі мәселелер Үкімет пен уәкілетті органның ерекше бақылауында. Т. Дүйсенова