Қасқарауов
Данияр
Алдабергенұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутаттық сауал

023 жылғы 27 қыркүйекте жарияланды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А. Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында–  елді мекендерді көгілдір отынмен қамтуды жалғастыру керек деп атап өтті. Бұл халықтың жайлы өмір сүруі үшін қажетті негізгі игіліктің бірі. Елді мекендерді газдандыру экологиялық жағдайдың да жақсаруына әсер етері сөзсіз.

Алматы облысында 294 елді мекен газдандыруға жатады. Ол жерлерде 1,3 млн. халық тұрады. Өкінішке орай бүгінгі таңда осы 294 елді мекеннің тең жартысына әлі газ тартылмаған. Бұл ауқымды жұмыстың шұғыл шешімді талап ететін басым бағыттары бар. Атап айтқанда, Жамбыл және Іле аудандарының 9 елді мекенін газдандырудың жобалық сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар.

5 елді мекенге газ тартуға құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары басталып кеткен. Жобалық-сметалық құжаттары өз күштерін жоғалтпай тұрғанда басталған игі істі аяқтауға қолдау көрсетуді сұраймын.

Жобалардың жалпы құны – 8 млрд. теңгені құрап отыр. Облыс әкімдігі Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берген болатын, алайда қолдау таппаған.

Газдандыру жұмысының әлеуметтік және экономикалық маңызын ескере отырып, құжаттары дайын жобаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қажетті қаржыны қарастыруды сұраймын.

Құрметпен, Д. Қасқарауов

ЖАУАП

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Д. Қасқарауов пен М. Толықбаевқа

2023 жылғы 28 қыркүйектегі

№ ДС-356 депутаттық сауалға

Құрметті депутаттар!

Алматы облысын газбен жабдықтау жобаларына қаражат бөлуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Бүгінгі күні Алматы облысын газдандыру деңгейі (ағымдағы жылғы

1 қаңтардағы жағдай бойынша) 73,5%-ды құрайды немесе 1 107 014 (1 505 984-тен) тұрғын табиғи газға қол жеткізді.

2023-2024 жылдарға Алматы облысы үшін өңірдің 17 ауылын газдандыруға 3,6 млрд теңге оның ішінде Жамбыл ауданының 5 ауылын (Б.Қыдырбекұлы, Ақсеңгір, Жайсаң, Көкдала, Қазыбек бек ауылдары) газдандыруды бастауға 655 млн теңге көзделген.

Жобаларды аяқтау үшін қосымша қаражат бөлу мәселесі 2024 жылға арналған бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттің мүмкіндігі ескеріле отырып қаралатын болады.

Жалпы еліміздің барлық өңірлерін газбен жабдықтау мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында.  Ә. Смайылов