Қасқарауов
Данияр
Алдабергенұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ҚР ІІМ, ҚР ӘМ, ҚР ЦДИАӨ

2023 жылғы 13 желтоқсанда жарияланды

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Е. С. Саденовке

Қазақстан Республикасының Әділет министрі А. Н. Есқараевқа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Б. Мусинге

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Ержан Сапарбекұлы ! Құрметті Азамат Несіпбайұлы ! Құрметті Бағдат Батырбекұлы !

          Интернет дамыған заманда, осы арқылы жасалатын онлайн-алаяқтықта күн санап өсіп отырғанын білеміз.

          Интернет алаяқтарға қанша жерден тосқауыл қойылғанымен, олардың айласы асып тұрғанын көріп отырмыз. Мысалы, әртүрлі телеграмм чаттар арқылы қомақты ақша табыңыз деп, талай үйде отырған аналарды алдап жатыр.

          Ішкі істер министрлігімен қылмыстық істер қозғалады, бірақ алаяқтың өзін табу мүмкін емес болып отыр. Соңғы ақпараттарға сәйкес тоғыз айда елімізде 15 мың интернет алаяқтық тіркеліпті.

Оның ішінде, 3 мыңнан астамы ресми банктердің атын жамылып азаматтарды алдаған. Осы жерде нақты сауал туындайды. Өздерінің құрығына түсіретін алаяқтар азаматтардың жеке деректерін, телефон нөмірлерін қайдан алады?! Оларға бұл деректерді кім береді? Қанша жерден адамдардың жеке деректерін заңмен қорғап, оның таралуын шектесек те. Алаяқтар тоқтайтын емес. Жеке деректердің құпиялылығы ешкімде құпия болмай тұр.

Бір ғана мысал келтірейін.  Мәселен, жақында бір танысым жеке компаниясын ашып, құжаттарын Егов электронды Үкіметі арқылы тіркетті. Бұл процесс ешкімнің қатысуынсыз, тек Порталда жасалды.

Дегенмен, сол күні оған үш бірдей банктен қоңырау түсіп, арнайы есептік шот  ашыңыз деген ұсыныс түсткен. Ал, ертесі күні заңгерлік-бухгалтерлік қызмет көрсететін жеке компания өкілдері хабарласып, өз қызметтерін ұсынған. Ең сорақысы, енді жеке таксопарк өкілдері тынымсыз хабарласып көлік қызметін ұсынып отыр екен. Бұның бәрі небәрі 2-3 күнде орын алған жағдай.

Енді сұрақ – осы аталған мекемелер жаңадан серіктестік құрылғанын, оның басшысы кім екенін және кеше ғана ресми тіркелген кәсіпкердің жеке ұялы телефон нөмірін қайдан алып отыр? Бухгалтерлік компаниялар мен таксопарк өкілдерінің қолына түскен ақпарат  алаяқтарда да жоқ дегенге кепілдік бар ма?

Яғни, біздің жасаған жұмыстарымыздың нәтижесіз екені айқын көрініп тұр. Жеке деректерді қорғай алмасақ, елді қалай қорғаймыз?! Осы ретте, аталған мәселе бойынша дер кезінде шара қабылдауларыңызды сұраймыз.

Құрметпен, Д. Қасқарауов Ж. Амантайұлы Е. А. Бейсенбаев А. Б. Сағындықова

ЖАУАП

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Д.А. Қасқарауовқа Ж. Амантайұлына Е.А. Бейсенбаевқа А.Б. Сағындықоваға

2023 жылғы 14 желтоқсандағы № ДС-485 сауалға                       

Құрметті депутаттар !

          Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі сіздің сауалыңызды өз құзыреті шегінде қарап, мынаны хабарлайды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыра отырып, ағымдағы жылы ІІМ интернетке және телефон алаяқтығына қарсы күресті күшейтуге бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық шараларды қабылдады.

ЦДИАӨМ-мен бірлесіп енгізілген жүйені пайдалана отырып, шетелдік алаяқтар азаматтарды алдау үшін пайдаланатын ауыстырылатын нөмірлерден 43,5 млн. астам қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар интернет желісінде 20 мыңнан астам түрлі құқыққа қарсы, оның ішінде алаяқтық және қаржы пирамидалары белгілері бар ресурстар анықталды және бұғатталды.

Халық арасында жүргізіліп жатқан профилактикалық және түсіндіру жұмыстары аясында 400 мыңға жуық ескерту материалдары орналастырылды. Алаяқтардың әрекеттерін егжей-тегжейлі сипаттайтын 100-ден астам түрлі бейнероликтер жасалды. ІІМ-нің осындай бастамашыл жобаларына қатысуға белгілі блогерлер, актерлер, спортшылар және өзге де танымал тұлғалар тартылды.

Ағымдағы жылғы 12 қазанда өткен Парламенттік тыңдауларда ІІМ басқа да қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті, сондай-ақ азаматтарды алаяқтықтан қорғауға және олардың жасалуына ықпал ететін себептерді жоюға бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар енгізді. Барлық ұсыныстарды депутаттар толық қолдап, тиісті ұсынымдарға енгізді.

Ағымдағы жылдың шілде айында барлық өңірлерде құрылған «Киберпол» мамандандырылған топтары тиімді жұмыс істеуде. Банк секторымен тікелей өзара іс-қимыл нәтижесінде елден тыс жерге шығару сатысында шамамен 250 млн.теңге бұғатталды. Азаматтарға сомасы 669 млн. теңге залалды өтеу қамтамасыз етілді. Банк карталары ақша қаражатын алу үшін пайдаланылған «дроп» санатына жататын 1,2 мың адам анықталды.

Олардың әрқайсысына прокуратура органдарының келісімі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер шеңберінде құқықтық баға берілді.

Телефон алаяқтықтарымен күресудің жаңа әдістерін енгізу жалғасуда. Ағымдағы жылғы  қарашада ІІМ бастамасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-мен өзара іс-қимыл жасаса отырып,  Қазақстанның қалалық байланыс желілеріне шетелден келетін алаяқтық белгілері бар қоңырауларды тану және бұғаттау механизмі сыналды. 35 күн ішінде аталған жүйемен осыған ұқсас 300 мыңға жуық қоңырау бұғатталды (тәулігіне орта есеппен 8,5 мың), осылайша алаяқтарға өздерінің қылмыстық мақсаттарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.

Алаяқтықтарға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша басқа да қосымша шаралар пысықталуда, техникалық жағынан іске асырылғаннан кейін хабардар етіледі.

Соңғы жылдары ІІМ ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде 5 түрлі ведомстволық бағдарламалар мен жол карталарын іске асырды.

Қазіргі уақытта стратегиялық және жүйелі тәсілді қалыптастыру үшін министрлік уәкілетті мемлекеттік органдармен және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесімен бірлесіп, киберқылмысқа қарсы күрестің кешенді жоспарын әзірлеуді бастады.

Дербес деректерді, оның ішінде электрондық үкіметтің веб-порталында қорғауға, оларды жинауға және өңдеуге байланысты мәселелер бойынша өзге де ақпарат Сіздің атыңызға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құзыреті бойынша жолдады.

Құрметпен,

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі                                                                                  Е. Саденов