Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Giniyat Azhar мен кездесу өткіздік. Екі жақты кездесудің бұрыннан қажеттілігін екеуміз де түсініп, соны іске асырдық.
Respublica Partiyasy денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді бірнеше рет көтерді, әсіресе ауылдық жерлерге ден қоюды талап еткен болатын.
Әріптестерімізбен жаз бойы өңірлерді аралап, қалалар мен ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, жанайқайын назарға алдық. Әсіресе, халықты медициналық қызметтеріне байланысты мәселелері алаңдататынын анықтадық. Себебі денсаулық - адамның негізгі құндылығы.
Жеке өзім екі медициналық мекемеге - Павлодар қаласындағы № 1 қалалық емханаға және Қызылорда қаласындағы №4 қалалық емханаға бардым. Кездесулер барысында айтылған қызметкерлердің де, тұрғындардың да барлық тілектерін назарға алдым.
Партияластарымыз да елдің аймақтарында, қалалар мен ауылдарда көптеген медициналық мекемелерді аралады.
Министрмен осы ауыл медицинасын талқыладық.
Мен бірқатар өзекті тақырыптарды көтердім:
-Ауылдағы жедел медициналық жәрдем қызметтерін қолжетімді ету;
- Ауылдық медициналық мекемелердегі қызметтердің сапасын арттыру;
-Ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдардың қаншалықты өзектілігін қарастыру;
-Ауылдағы медициналық ұйымдарды бағалау жұмысы;
-Ауылдық медициналық мекемелердің берешегі туралы;
- Ауылдарда медицина қызметкерлерін даярлау деңгейі туралы;
-Жоғары медициналық оқу орындарының ауылдық студенттеріне жатақханалардың қолжетімділігі туралы;
Талқылау жан-жақты болды. Министр көтерілген мәселелерге тікелей жауап беріп, әр мәселеден хабардар екенін көрсетті. Енді туындаған мәселелерді шешуде министрлік пен партия атынан бірлесіп үйлестіру туралы келістік. Жақында оң өзгерістерді еліміздің азаматтары да сезінеді деп үміттенемін.