Достар, өңірлерді аралау бойынша қызметтік іс-сапарымызбен Батыс-Қазақстан облысы, Орал қаласында болып екі күн бойы қызу жұмыс атқардық.
Ең алдымен, дәсүрлі Алқап күні аясында, Сұлукөл ауылында бірқатар жергілікті ауылшаруашылық мекемесінің қатысуымен өткен AGROFEST көрмесінің жұмысына қатысып, БҚО әкімімен кездестік. Іс-шара барысында - жаңа дақылдардың экономикасы мен технологиясы, инновациялық техника және соңғы үлгідегі озат жабдықтармен танысып, далалық сынақтар мен облыстық ірі-қара мал көрмесіне куә болдық.
Бұдан кейін, тарихы 30-жылдан асқан, ал қазіргі күні жойылу қаупі төніп тұрған «Кублей» ет өңдеу кешенінің еңбек ұжымымен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтадық. Зауыт маңында салынған тұрғын үй кешендері санитарлық нормаларды бұзғаны анықталды. Ал, зауыттың жабылуы жүздеген жұмыс орындарының жоғалуына, ауыл тұрғындарының мал өткізбеуіне, өңірдің салық салынатын базасының төмендеуіне, ет және басқа да консервілер бойынша Қазақстанның ішкі нарығының импортқа тәуелділік үлесінің артуына әкеп соқтырары белгілі. Сондықтан бұл мәселе жіті назарға алынды.
Әрине, Оралда бола тұрып, қаланың Жылу Электр Орталығының жұмысымен танысып кетпеу де мүмкін емес. Сондықтан әріптестермен бірге орталыққа да кіріп, тыныс-тіршілігімен таныстық. Себебі жылыту маусымының алдында бұл ел өңірлерінің барлығында қалыптасқан жүйелі мәселелердің бірі. Барлық мәселені жергілікті тұрғыда анықтап, бірлесе шешу қажет.
Сондай-ақ, «Оралагрореммаш» АҚ еңбек ұжымымен кездесіп, көкейкесті сұрақтарын талқылап, назарға алдық.
Іс-сапардың екінші күні Қазтал ауданының шаруаларымен кездесіп, «Ет өнеркәсібі бордақылау алаңы» ЖШС еңбек ұжымының сұрақтарын тыңдап, сондай-ақ жергілікті жайылым жерлерге киіктерден келтірілген зиянды анықтап, тиісті шаралар қолдануды талқылап қайттық. Киік мәселесі жөнінде арнайы материалда айтатын боламын.
Жалпы, осымен тоғызыншы өңірді аралап, әр өңірдің өзіне тән мәселелерін анықтадық. Барлығы партияның жұмысына алынды.