Respublica» партиясы кезектен тыс III съезінде «Respublica jastary» бірлестігін құру туралы шешім қабылдады. Бұл ұйым 18 бен 35 жас аралығындағы белсенді азаматтық ұстанымы бар, ғылым, спорт, шығармашылық, кәсіпкерлік және қызметтің басқа да түрлерімен айналысатын жастарды біріктіреді.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров атап өткендей, бұл өте маңызды шешім. Өңірлерді аралаған партия мүшелері партия қатарына өтіп, ел дамуына үлес қосқысы келетін көптеген жастармен кездесті. Ол белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлғалардың қалыптасуына партияның атсалысуы - үлкен мәртебе екенін баса айтты.
Партияның белсендісі Мұхтар Баймағұловтың айтуынша, жастар бірлестігінің мақсаты - ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жастардың отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, партияның сайлауалды бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін жастарды шоғырландыру, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға ықпал ету. Сондай-ақ, бірлестік барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісі депутаттығына ұсыну үшін жастар резервін қалыптастырумен де айналысады.
«Respublica» партиясы өңірлерде жастардың әлеуетін ашу және олардың дамуына тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қоғам және жанұя құндылықтарын нығайту және жастардың мемлекеттік басқаруға белсенді қатысуына ықпал ету міндеттерін қойып отыр.
Съезде «Respublica jastary» жастар бірлестігінің жұмыс бағыттары айқындалды, оның ішінде жастар арасындағы құмар ойындар мен бәс тігуге тәуелділіктердің алдын алу, барлығына тең инклюзиялық қоғам құру, есірткіге қарсы күрес, салауатты өмір салтын насихаттау, оқу және білімді нығайту.