Білесіз бе, еліміздің ұлылығы, ата-бабамыздың даңқты тарихы туралы үнемі айта тұрып, өзіңнің айтқаныңды өз қолыңмен жоққа шығаруға болатыны мені таң қалдырады. Жақында журналист Нұрсейіт Жылқышыбай Қазақстанда сұрыпталып шыққан әрі халықаралық қауымдастық мойындаған жалғыз жүйрік тұқым - Қостанай жылқысын, көкпарға қатысуға жарамды жалғыз отандық асыл тұқымды сақтап қалу туралы тақырып көтерді.
Бір қарағанда, жылқы - көшпенділер символы, көкпар - елдің мәдени мұрасы саналатын ұлттық спорт түрі. Әлемдік деңгейде насихаттауға болатын дайын бренд, ғалымдардың еңбегін мақтанышпен айтатын мысал, біздің жағдайға шыдайтын арнайы өсірілген жылқы тұқымы арқасында отандық жылқы шаруашылығын дамыту мүмкіндігі. Бірақ олай емес. 135 жылдық тарихы бар Қостанай жылқы зауыты қазір жабылу алдында тұр. Менің ойымша, оған бірнеше себеп бар. Бірінші кезекте – сауатсыз басқару, қаржы саласында да, ғылыми салада да құзыреттіліктің болмауы.
Зауыттың проблемасы 90-шы жылдары басталды, Қостанай жылқысы тұқымының саны үнемі азайып отырды: 1990 жылы 750 аналық пен құлыннан 2009 жылы 350, 2019 жылы 98 бас қалған. Сонымен қатар, тұқым сапасы да төмендеді. Сарапшылардың айтуынша, жылқы зауыты сол кезде талап етілген нарық ережелеріне төтеп бере алмаған. Ғылымның құлдырауы, тұқымдарды сынау жағдайының болмауы және жалпы осы саланың жүйесіз дамуы әсер етті.
Мен "Олжа Агроны" басқарған кезеңде, жылқыға да, ұлттық мәдени мұраға да бей-жай қарамайтын адам ретінде кәсіпорынға көмек көрсетуге тырыстым. Бірақ сол кезде біртүрлі қағидаға басымдық берілді - біз мұны өзіміз де жасамаймыз, саған да бермейміз дегендей. Алдымен мені осы зауытты өз пайдасына пайдалануы мүмкін деп айыптады, бірақ зауыттың жағдайын ескерсек, ол пайда табудан гөрі, көп шығынды қажет ететін. Осыдан кейін кәсіпорынға көмек көрсетудің өзін жат санауға мәжбүрлейтін тағы бірнеше қадамдар орын алды.
Бұл ретте Қостанай тұқымын сақтап қалу мақсатында 2021 жылы арнайы бағдарлама қабылданғанын атап өткім келеді. Ал құжаттардың бірінде Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы МЖК механизмі арқылы жылқы зауытын дамытуға бизнестен серіктес таба алмағаны туралы жазбаны көргенде қатты таң қалдым. Өз тәжірибемді ескеріп, бұл жағдай шындыққа жанаспайды деуге толық негіз бар. Қазіргі жағдай оларды толықтай қанағаттандыруы мүмкін деген ой да жоқ емес.
Нәтижесінде, тұқымды толығымен жоғалтпау үшін, кәсіпорынды қалпына келтіруді өз қолымызға алдық. Бұл жұмыста мен ресейлік және шетелдік селекционерлердің кеңесіне жүгіндім, бұл шаралар әлі де тоқтаған жоқ. Бірақ Қостанай жылқысы тұқымын дамыту үшін жүйелі мемлекеттік тәсіл қажет.
Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселеге көңіл аудармайтын сияқты. Әйтпесе, вице-премьердің тапсырмаларына қарамастан Қостанай жылқысы төңірегіндегі жағдай нашарлай түскенін қалай түсіндіруге болады?
АШМ-нің қадағалау жұмысындағы шикілігі бұл жерде де көрініс тапқан, өйткені тиянақты есеп жүргізбей «сұр» нарықты бақылау мүмкін емес. Ал әлсіз ветеринария жануарларды мәжбүрлі союға әкеледі.
Қазақстанда Қостанай жылқысын сақтап қалу жолында жанын беруге даяр азаматтар бар, олардың мәселені шешуде өз көзқарасы, саланы нарық талабына сай аяққа тұрғызуға мүмкіндік те бар. Бірақ бұл жұмысты басқаратын және жүргізетін жан жоқ.
Қостанай облысы көкпар федерациясының президенті ретінде айтарым: қырғыз спортшылары халықаралық жарыстарға қырғыз тұқымдарының жылқысымен келгенде, кірерге жер таппаймын. Өйткені, біз өзімізді осы спорт түрінің негізін қалаған ұлт санай тұра, жылқыларды сырттан, соның ішінде қырғыз тұқымдарын да сатып алуға мәжбүрміз. Барлық ұрандаған сөздердің жанында дәл қазір ұлттық спорт түрін 100% қазақстандық спортқа айналдыру мүмкін болмай тұр.