Құрметті депутаттар,
Үкімет мүшелері мен қонақтар!
Бүгін біз 8-ші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің 2-сессиясының жұмысын аяқтағалы отырмыз.
Дәстүр бойынша, атқарылған жұмысты қорытындылаймыз.
Келешекке жоспар құрамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары Парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді.
Көппартиялы Парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелді.
Қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті.
Мұның бәрі Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналды.
Өткен сессия «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді.
Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бұл жүйе пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызды.
Осының бәрі елімізді одан әрі дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды.
Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті.
Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды.
Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді.
Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда.
Мұның бәрі пәрменді әрі ықпалды Парламент қалыптастыру бағытындағы конституциялық реформаның мән-маңызын айшықтай түсуде.
Құрметті әріптестер!
Осы сессияда біз парламенттік жұмыс кезеңін толық әрі табысты атқарып шықтық.
Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды.
Осыған байланысты, екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды.
Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті.
Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды.
Оның 102-сі қабылданды.
Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобалары бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс істеді.
Біз басты қаржы құжатын – республикалық бюджетті қабылдадық.
Осы құжат арқылы мемлекеттің денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да саладағы негізгі әлеуметтік міндеттемелерін іске асыруды қамтамасыз еттік.
Мәселен, мұғалімдердің, дәрігерлердің, ғалымдардың жалақысы көбейтілді.
Олардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын күшейту шаралары қабылданды, студенттердің шәкіртақысы өсті.
Шамамен 1,8 миллион жалдамалы қызметкердің, оның ішінде 350 мың бюджет қызметкерінің ақшалай табысы артты.
Биылғы қаңтар айынан бастап ең төмен жалақы деңгейі 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерілді.
***
Осы сессияда зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шеше алдық.
Қабылданған заң өндірісте жұмыс істейтін 400 мыңнан астам адамның көптен күткен мәселесіне нақты жауап болды.
***
Соңғы жылдары жылумен, электрмен жабдықтау саласындағы проблемалар жиі көтеріле бастады.
Біз авариялардың, жылумен қамтамасыз ету жүйесіндегі ақаулардың куәсі болдық.
Бұл – жылдар бойы қордаланған проблемалар.
Өңірлерде жабдықтардың 80 пайыздан астамы тозған.
Парламент қабылдаған жылу энергетикасы туралы заң аталған саладағы жағдайды біршама жақсарта түспек.
Осылайша, біз жылумен жабдықтаудың барлық кезеңі бойынша – өндірістен бастап тұтынушыға қызмет көрсетуге дейін заң жүзінде жауапкершілік енгіздік.
Объектілердің жылу беру маусымына дайындығына бірінші басшылар тікелей жауапты болады.
Сонымен қатар, жылумен жабдықтау жүйесінде ақау табылса, тұтынушылар шығынды өтеуді талап етуге құқылы.
Біз сондай-ақ электрмен жабдықтаушы делдал ұйымдардың қызметін тоқтату жөнінде норма қабылдадық.
Бұл нормаға қатты қарсылық білдіргендер де болғаны жасырын емес.
Бірақ депутаттар мен мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен біз осы норманы қорғап шықтық.
***
Тағы бір мәселе – мемлекеттік сатыпалым жүйесіндегі кемшіліктер.
Жүйедегі бұрыннан келе жатқан проблемалар оның дамуын тежеп, отандық бизнеске кедергі келтірді.
Соның салдарынан жергілікті жерлерде, әсіресе инфрақұрылым нысанын салу саласындағы бастамалар жылдар бойы іске аспады.
Сондықтан Мемлекет басшысы бүкіл мемлекеттік сатыпалым жүйесін реформалау қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын.
Қабылданған Мемлекеттік сатып алу туралы заң сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады.
Ол мемлекеттік сатыпалымның ашықтығын, сапаның бағадан басым болуын қамтамасыз етеді.
Бірақ, біз мұнымен тоқтамауға тиіспіз.
Бұл бағыттағы жұмысты Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығын іске асыру шеңберінде жалғастыратын боламыз.
***
Осы сессияда депутаттар масс-медиа туралы заң қабылдады.
Күні кеше Президентіміз бұл заң журналистердің мүддесі мен құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтетінін атап өтті.
Жаңа заң отандық масс-медиа саласының дамуына тың серпін берері сөзсіз.
***
Сонымен қатар, депутаттар медицина қызметкерлері үшін де біртіндеп қолайлы жағдай туғызуда.
Мәселен, біз медицина қызметкерлерін қолдауға және жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған заң қабылдадық.
Медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгіздік.
Әлеуметтік кепілдіктерді күшейттік.
Осы Заң арқылы біз дәрігерлерді ауылға баруға ынталандыра түсеміз.
Енді ауылдық ауруханаларда жұмыс істегісі келетін дәрігерлер ең төмен 100 жалақы мөлшерінде көтерме жәрдемақы алады. Бұл – шамамен 9 миллион теңге.
Бұдан былай дәрігерлерге айрықша еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілетін болады.
Осы мәселелердің барлығына Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ерекше мән берілгенін атап өткім келеді.
***
Сессияда депутаттар алғаш рет «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» дербес заң қабылдады.
Бұрын бізде мұндай заң болмаған.
Осы заңды қабылдау арқылы біз халықаралық міндеттемелерді орындап қана қоймай, адам құқығын қорғау саласындағы құқықтық базаны да нығайта түсеміз.
***
Бүгін біз тағы бір жақсы үрдістің қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз.
Депутаттар Үкіметті күтпей-ақ, қоғамға қажет заңдарға өздері бастама жасауда.
Мәселен, Парламент депутаттары «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске асыру үшін заңнамалық база қалыптастырды.
Бұл – Президенттің сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бастаманың бірі.
Биылдан бастап балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлемдер түсуде.
Осылайша, еліміздің ұлттық байлығынан түсетін табыстың үлесі балаларға тие бастады.
***
Депутаттар жер және жер қойнауы, барлық табиғи ресурстар халыққа тиесілі екендігі туралы конституциялық норманы нақты іске асырды.
Енді жаңа ірі мұнай-газ кен орындарының 50 және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі болмақ.
Бұл екі заң да – әлеуметтік әділдік қағидаттарын нақты іске асырудың айқын көрінісі.
***
Сондай-ақ, депутаттар бастама көтеріп, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған түзетулер әзірледі.
Азаматтарымыздың резонанс тудырған қылмыстарға реакциясы, қоғамдағы зорлық-зомбылыққа төзбеуі бізді осы саладағы заңнаманы едәуір қатайтуға итермеледі.
Мемлекет басшысы Жолдауда және Ұлттық құрылтайда бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді.
Осы Заң арқылы біз Қазақстан қоғамында зорлық-зомбылықтың өршуіне тосқауыл қойдық.
***
Соңғы уақытта халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі де қатерлі сипат ала бастағанын бәріміз білеміз.
Ел Президенті осыған алаңдаушылық танытып отыр.
Бұл проблема азаматтардың жағдайына да, көңіл-күйіне де тікелей әсер ететінін бірнеше рет айтты.
Мәселені түбегейлі шешу үшін Парламент кредит беру кезінде қауіп-қатерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заң қабылдады.
Бұл заң – азаматтардың қаржылық проблемалары туралы келіп түскен өтініштеріне нақты жауап.
Осы қадам халық арасында қарыздың айтарлықтай азаюына септігін тигізеді деп сенемін.
Осылайша, біз тұңғыш рет банктер мен қаржы ұйымдарының емес, халықтың мүддесін қорғайтын заң қабылдадық.
***
Депутаттар Ұлттық құрылтайдың отырысында ұсынылған бастамаларды да іске асыра бастады.
Елде лудомания сияқты қоғамдық дертке қарсы жалпыұлттық күрес жарияланды.
Мемлекет басшысы құмар ойынды 21-ші ғасырдағы ең келеңсіз әлеуметтік індеттің бірі деп атады.
Қаншама шаңырақ шайқалып, жас ұрпақтың сана-сезімі улануда.
Тек ресми деректер бойынша, шамамен 400 мыңға жуық азамат құмар ойынның құрығына түскен.
Олардың дені – жастар.
Ойын бизнесі туралы заң Парламент қабырғасында, түрлі қоғамдық алаңдарда ұзақ уақыт бойы талқыланды.
Заңды қабылдауға қарсылық танытуға тырысқан ықпалды топтар да болды.
Соған қарамастан депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтты.
Онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салынды.
Осылайша, қоғамды әлеуметтік тұрғыдан сауықтыру жолында маңызды қадам жасалды.
***
Вейп сатуға тыйым салатын заң нормалары жақында ғана күшіне енді.
Соңғы екі жылда елдегі вейп айналымы 300 есе өскен.
2,5 жыл ішінде елге үш миллионға жуық вейп әкелінген.
Денсаулық сақтау туралы заң аясында біз вейп таратуға толық тыйым салдық.
***
Сонымен қатар, бұл сессияда Президенттің тағы бір бастамасы – көшедегі, табиғат аясындағы вандализм әрекеттеріне қарсы күрес шаралары заңнамалық сипатқа ие болды.
Осы Заң арқылы біз бұл мәселеде тәртіп орнатып, еліміздің табиғи және мәдени құндылықтарының сақталуына ықпал ете аламыз.
***
Депутаттар Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарын іске асыру үшін халықаралық шарттардың құқықтық базасын қалыптастыру жұмысын жалғастырды.
Парламент барлығы 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады.
***
Жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюджеттің атқарылуы сапасына Парламенттің бақылауы айтарлықтай күшейтілді.
Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі реттен тыңдай бастадық.
Сессия барысында су саласына, сондай-ақ көлікті дамыту мәселелеріне қатысты есеп тыңдалды.
Қазір елді мекендердегі ең өзекті мәселе де осы.
Соның қорытындысы бойынша Парламент қажетті ұсынымдар қабылдап, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның атына жолдады.
Парламенттік тыңдалым мен Үкімет сағаты – заң шығару процесіне жұртшылықтың араласуының тиімді тетігі.
Осы жолы 3 парламенттік тыңдалым өтіп, қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды.
Олар халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту, қаржылық сауатын арттыру; азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіру; экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне қатысты болды.
Сонымен қатар 10 үкімет сағаты өткізілді.
Министрліктер мен ведомстволар басшылары бағдарламалық құжаттардың іске асырылуы туралы есеп берді.
***
Сонымен бірге, Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселелерге тоқталып өткім келеді.
Заң жобаларын әзірлеу кезіндегі кемшіліктер жылда қайталанады.
Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен.
Ол туралы жылда айтамыз.
Соның айқын мысалы – Су кодексі жобасы.
Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр.
Мұның бәрі Кодекс жобасының Парламентте қаралуын қиындатып, ұзаққа созылуына әсер етеді.
Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас.
Бұл жайт баршаға белгілі.
Заң жобасы мүлде «шикі» күйде келіп түсті.
Депутаттар оны тағы пысықтап, қайта жазып шығуға мәжбүр.
Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі –ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе.
Жобаларды енгізу мерзімі жиі кешіктіріледі.
Мысалы, Су кодексі былтырғы наурыз айында енгізілуі керек еді, алайда ол бір жылға таяу уақыт шегеріліп, кеш енгізілді.
Маңызды заң жобасының бірі – Салық кодексі әлі енгізілген жоқ.
Соның салдарынан, депутаттардың онымен сапалы жұмыс істеуіне уақыт тығыз болғалы тұр.
Құрметті Үкімет мүшелері!
Сіздердің жұмыстарыңыз Парламентке заң жобаларын енгізумен аяқталмайды.
Керісінше, жұмыс енді басталады.
Осыны ескергендеріңіз жөн.
***
Депутаттардың түзетулеріне қорытынды беру мерзімінің өзі бөлек мәселе.
Ол да ұзаққа созылып кетіп жатады.
Мемлекеттік органдар бұл «әдеттен» әлі арыла алмай келеді.
Мысалы, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бойынша Үкіметтің қорытындысын 8 айға дейін күтуге тура келді.
Әскери-патриоттық тәрбие туралы заң жобасы бойынша қорытындыны келісу 7 айға дейін созылып кетті.
Тағы бір мәселе – бізге ратификациялауға түсетін келісімдер мен шарттар мәтіндерінің өзара сәйкестігіне қатысты.
Келіссөз жүргізіліп, еліміз үшін маңызды халықаралық, мемлекетаралық келісімдерге қол қойылады.
Алайда, заң жобаларын қарау мерзімі мемлекеттік органдардың немқұрайлы, салғырт қарауынан, мемлекеттік тілдегі қателерге байланысты кейінге шегеріледі.
Сол себепті серіктес елдермен келісім ұзаққа созылып, елдің имиджіне теріс әсер етеді.
Сондықтан әрбір мемлекеттік органның осы мәселеге ерекше назар аударуын сұраймын.
***
Депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да арнайы тоқталып өткім келіп отыр.
Мемлекеттік органдардың жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді.
«Баяғы жартас – бір жартас».
Депутаттық сауалдарға сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ.
Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұрғанын түсінген жөн.
Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керек.
Құрметті әріптестер!
Біздің жұмысымызда сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінеді.
Осы сессияда Парламент депутаттары 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізді.
Депутаттар сайлаушылардың мәселелерін өз депутаттық сауалдары арқылы жеткізіп отырады.
Мысалы, осы сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдады.
Сондай-ақ, Мәжілістің Қоғамдық қабылдау қызметі депутаттар мен халық арасындағы дәнекерге айналды.
Сессия басталғалы бері қоғамдық қабылдау қызметіне 2 мыңнан астам адам жүгінді.
Сонымен қатар, депутаттарға тұрақты түрде жазбаша өтініштер де келіп түседі.
Осы сессияда 47 мыңнан астам азаматтың хаты қаралды.
Бұдан бөлек, өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерге шұғыл сапармен бару депутаттық қызметтің тиімді тәсілі ретінде орнықты.
Бір сөзбен айтқанда, халықты толғандыратын түйткілдер Үкімет пен әкімдер алдына ашық түрде қойылып жүр.
Сессия басталғалы бері Үкімет мүшелері 2 рет арнайы шақырылып, сайлаушылардың талап-тілегі отырыста жан-жақты қаралды.
Нәтижесінде, азаматтардың сұранысы ескеріліп, мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін тағы бір жұмыс тетігі пайда болды.
Құрметті әріптестер!
Былтырдан бері тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізетін Парламент комиссиясы жұмыс істеп жатыр.
Президенттің тапсырмасымен құрылған бұл комиссия 5 отырысын өткізді.
Парламент жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен диалог алаңдары да азаматтық қоғаммен конструктивті байланыс орнатуда.
Жаңа Қазақстанның күн тәртібі аясындағы бастамаларды әзірлеу үшін Сарапшылар клубы, Аналитика мектебі, Талдау Токс, Сенаттың Жобалық офисі қарқынды жұмыс атқарып жатыр.
Ұлттық құндылықтар, ел болашағы мәселелері «Ұлттық мүдде» алаңының ұдайы талқылайтын тақырыбына айналып келеді.
Өңірлерді дамыту мәселесі Мәслихаттармен өзара іс-әрекет жөніндегі кеңес жұмысының негізгі бағыты болып саналады.
Мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлініп отыр.
Бұл мәселелер Инклюзия жөніндегі кеңес отырыстарында үнемі талқыланады.
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата халықтың әртүрлі топтарының мүддесін білдіретін, сан алуан пікірлер еркін айтылатын іргелі орынға айналды.
Жалпы, Мемлекет басшысының «қоғамдық пікірталастар Парламент қабырғасында болуы қажет» деген идеясы осы алаңдарда нақты жүзеге асуда.
***
Сонымен қатар, қоғамның билікке деген сенімін нығайту жолында Электрондық Парламент ерекше рөл атқаруға тиіс.
Осы орайда Парламент «Заң жобаларына ұсыныстар» атты цифрлық модуль әзірледі.
Біз кәсіби қоғамдастықпен «салыстырмалы кестенің тілінде» пікір алмаса бастадық.
Парламент айналасында қалыптасқан жоғары білікті мамандар тобы осы тиімді тетікті қолдануға көшті.
Болашақта оны халықпен кері байланыс үшін пайдаланатын боламыз.
Құрметті әріптестер!
Өткен сессия барысында 6 парламенттік фракция, бірмандатты және ассамблеядан сайланған депутаттар белсене қызмет атқарды.
Фракциялар сайлаушылардың сұранысына сүйене отырып, өзекті міндеттерді орындау бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
Партиялардың бағдарламасы мен идеологиялары әр түрлі болса да, мемлекеттік мүддеге келгенде бәріміздің ұстанымымыз ортақ.
«Бір ел – бір мүдде», «Инклюзивті Парламент» және «Өңір» депутаттық топтарының қызметі де осының көрінісі.
***
Парламенттік дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Сессия барысында депутаттар халықаралық 14 парламенттік ұйым шеңберінде белсенді жұмыс істеді.
257 халықаралық іс-шараға қатысып, 38 шет елдің парламентімен ынтымақтастықты жүзеге асырды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің 20 жылдығына арналған Съезд хатшылығының 21-отырысы жоғары деңгейде өтті.
Осы айдың басында Алматыда Қазақстанның төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы болды.
Биыл біздің Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогына төрағалығымыз аяқталды.
Депутаттар халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеуде парламенттік дипломатия тетіктерін қолдану маңызды деп біледі.
Парламент осы орайда Қазақстанның бітімгерлік контингентін Голан асуына жіберуді мақұлдады.
Бұл – Қазақстан бітімгерлерінің Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты бойынша атқарған алғашқы дербес миссиясы.
Құрметті бірлескен отырысқа қатысушылар!
Біз алдағы заң шығару жұмысының берік негізін қаладық.
Қыруар жұмыс атқарылды.
Кеше ғана Өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді.
Келесі сессияда да осы қарқыннан таймауымыз қажет.
Ең алдымен Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса назар аударуымыз керек.
Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау негізгі басымдық болып қала береді.
Еліміздің жаңа экономикалық моделінің құқықтық негізін қалыптастыру жұмысын жалғастырамыз.
Депутаттар алдағы кезеңде де елдегі басты мәселелерді шешіп, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға атсалысуы керек.
Осынау өзгерістердің нәтижесін әр азамат, әр отбасы нақты сезінуі қажет.
***
Қазіргі кезде Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар.
Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар біз мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз.
Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр.
Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет.
Осылай тығыз байланыс жасау арқылы ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп, еліміздегі өзекті проблемаларды шешуге ықпал ете аламыз деп сенемін.
Құрметті депутаттар!
Бірлескен отырысқа қатысушылар!
Біз сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясын аяқтап отырмыз.
Осыған байланысты Үкімет мүшелеріне, барлық әріптестеріме бірлесе атқарған жұмыс үшін алғыс айтамыз.
Заң шығару процесіне немқұрайлы қарамайтын азаматтық қоғам белсенділеріне, сарапшылар қоғамдастығына ризашылық білдіремін.
Сонымен қатар жұмысымызды жоғары деңгейде жариялап-көрсетіп жүрген масс-медиа өкілдеріне де алғысымызды жеткізгім келеді.
Сөзімді түйіндей отырып, біз кез келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанның қуатын бірге арттырамыз деп сенемін.
Сондықтан, ел игілігі жолындағы жауапты істе баршаңызға зор денсаулық, толайым табыс тілеймін!
Тыңдағандарыңызға рақмет!