Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасы Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімге 2022 жылғы 30 қарашада қол қойылды.
Аталған келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында жаңартылатын энергия көздерін іске асыру арқылы Тараптар арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрестегі ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
Аталған келісім шеңберінде Жамбыл облысындағы Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясының жобасын салу жоспарлануда.
Бұл жобаны іске асыру әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарға әкеп соқпайды, республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, сондай-ақ оның ережелері ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді.
Заң жобасын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау талап етілмейді.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, аталған заң жобасын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысының талқылауына енгізуге болады деп есептеймін.