2023 жылғы 15 мамырда жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрдің
орынбасары
А. С. Көлгіновке
Депутаттық сауал
Құрметті Алтай Сейдірұлы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жаңадан сайланған Парламент депутаттарының алдында адам капиталының сапасын барынша арттыру негізгі стратегиялық бағыт екенін айқындады. Қазақстанның басты байлығы – адам деп атап өткен болатын.
Апатты жағдайдағы мектептердің санын азайту үшін 50 жыл, 40 жыл және 30 жыл эксплуатацияға беріліп, күрделі жөндеу көрмеген орта білім беру мектептерінің материалды-техникалық базасын нығайту өзекті.
Елімізде Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары өңір. 2023 жылғы 1 қаңтарға облыс халқының саны 2 млн 119 мыңнан астам адамды құрады, оның ішінде қалада – 519 мың адам, ауылдық жерлерде – 1 млн 599 мыңнан астам адам. 2022 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда халық саны 30 мың адамға немесе 1,5%-ға өскен. 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыс бойынша 58 117 нәресте дүниеге келген.
Бүгінгі таңға, Түркістан облысында 511 мың 158 оқушы білім алуда. 2022-2023 жылғы оқу жылында 50 мың бүлдіршін 1 сыныпта мектеп табалдырығын аттаған. Түркістан облысындағы 961 мектептің 905-і мемлекеттік мектептер. Олардың 121-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Оның ішінде, 51 мектептің жобалық сметалық құжаттары дайын, 70 мектепке жобалық сметалық құжаттар дайындау қажет. Облыстық білім беру басқармасы мен облыс әкімдігі күрделі жөндеуді қажет ететін 121 мектепке облыстық бюджеттен қаржы бөлуге мүмкіндігі жоқ екенін айтуда.
«AMANAT» партиясы фракциясы келесі ұсыныстарды енгізеді:
Бірінші. Түркістан облысындағы Жобалық сметалық құжаттары дайын 51 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы қарастырып, жергілікті атқарушы билік органы жыл соңына дейін күрделі жөндеуді өткізуді қолға алғаны абзал.
Екінші. Ағымдағы жылы қысқа мерзім ішінде Түркістан облысындағы 70 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттар дайындау үшін республикалық бюджеттен қаржы қарастыру өзекті.
Сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
«AMANAT» партиясы
фракциясының мүшесі Т. Қырықбаев
Қазақстан халық партиясы
фракциясының мүшесі И. Смирнова