2023 жылғы 27 қыркүйекте жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрдің
бірінші орынбасары
Р. В. Склярға
Депутаттық сауал
Құрметті Роман Васильевич!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртпай жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес деген болатын.
Атап айтқанда, Түркістан облысында табиғи газбен, ауыз су және ағын сумен қамтамасыз ету мәселелері ең өзекті болуда.
Ағымдағы жылы өңірлерге іс сапарға шығу барысында елді мекендердегі халықтың көтеріп отырған осы мәселелерін ескере отырып, келесі ұсыныстарды қарастыруды ұсынамыз.
Бірінші. Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың қорытындысымен халықты 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда, облыстың 833 елді мекенінің 720-сы немесе 86,4% ауыз сумен қамтамасыз етілген. 113 елді мекенде (90,6 мың адам) ауыз су мүлдем жоқ болса, 204 елді мекеннің су жүйелері тозған.
Жергілікті халықтың өтініштерін ескере отырып, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленген жобаларға қаржы қарастыру қажет. Атап айтқанда:
Шардара қаласының, Сайрам ауданы, Қарабұлақ елді мекенінің, Мақтарал ауданы, Атакент кенті мен Өркениет елді мекендерінің және Сауран ауданында Ескі Иқан, Келес ауданында Оңтүстік, Созақ ауданында Сызған елді мекендерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге 33,1 млрд. теңге қажет болса, оның ішінде, 2024 жылға жобаны қаржыландыруға 13,2 млрд. теңге қажет.
Екінші. Президент Жолдауында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету де – өзекті мәселелердің бірі деп атап өтілген. Түркістан облысында 833 елді мекеннің 465 немесе 55,9% табиғи газбен қамтамасыз етілген. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бекітілген Жол карта бойынша 2025 жылға дейін қосымша 202 елді мекенге табиғи газ құбырын тартып, қамту деңгейін 86,9% жеткізу жоспарланған.
Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес елді мекендерді газбен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 2024 жылға 14,2 млрд. теңге қарастыру жоспарланса, Каржы министрлігі тарапынан тек қана өтпелі нысандарға 3,1 млрд. теңге қолдау тауып отыр. Бұл өз кезегінде, елді мекендерді жоспарлы табиғи газбен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізіп, кешенді жоспардың түпкілікті нәтижеге жетуіне кедергі тудырады.
Сондықтан, 2024 жылға республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін жаңа 69 нысанның құрылысына 18,1 млрд. теңге қаржы қажет.
Үшінші. Жалпы Қазақстан трансшекаралық су көздеріне тәуелді мемлекет, оның ішінде Түркістан облысы да көрші мемлекетке тәуелді болып отыр. Сондықтан да, Түркістан облысындағы ағын су мәселесін шешу өзекті болуда. Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында «Түркістан магистральды каналын күрделі жөндеу» жобасы іске асырылуда.
Бүгінгі таңда, IV-кезеңнің жобасы дайын. Жалпы құны 11,5 млрд. теңге. Қосымша 26 шақырым бетондалады. Жоба толық іске асқанда 89 млн. текше метр су үнемдеуге мүмкіндік береді. Нысан құрылысын бастауға 2024 жылға 5,0 млрд. теңге қажет.
Осы жоғарыда аталған барлық проблемалар азаматтар арасында наразылықтың әділ өсуіне алып келеді. Сондай-ақ, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында жоспарланған инфрақұрылымдар мерзімінде орындалмауы мүмкін.
Сондықтан, Үкіметке осы жағдайды түзетуге бағытталған шаралар кешенін қысқа мерзімде қабылдау ұсынылады.
Сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
«AMANAT» партиясы
фракциясының мүшелері Т. Қырықбаев
М. Толықбаев
Ұ. Сәдібеков
Д. Исабеков
«Ақжол» партиясы
фракциясының мүшесі Қ. Иса
«Ауыл» партиясы
фракциясының мүшесі Ж. Дайрабаев