Заң жобасы Мемлекет басшысының 2023 жылғы 4 қаңтардағы тапсырмасын іске асыру үшін әзірленді. Ол қаржы секторына кәсіби кадрларды тарту үшін жағдайлар жасауға және банк секторына инвестициялар үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.
Бірінші.
Қаржы секторына кәсіби кадрларды тарту үшін Заң жобасында қаржы ұйымдарында басшылық лауазымдарды атқару үшін еңбек өтілі ескерілетін ұйымдардың тізбесі кеңейтіледі.
Қазіргі уақытта банктерде, сақтандыру ұйымдарында және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларда ғана еңбек тәжірибесі бар адамдар қаржы ұйымдарының топ-менеджерлері бола алады.
Бұл ретте 2021 жылдан бері микроқаржы ұйымдары қаржы ұйымдарына жатады, олардың қызметін Агенттік лицензиялайды.
Бұдан басқа, Қазақстанның қаржы нарығында Қазақстанның Даму Банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, экспорттық-кредиттік агенттік сияқты ұйымдар өз қызметін жүзеге асыруда.
Осыған байланысты Заң жобасында банкте, сақтандыру ұйымында немесе бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыда басшы лауазымды атқару үшін көрсетілген ұйымдардағы, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтердегі еңбек өтілін есепке алу мүмкіндігі көзделеді.
Сонымен бірге Заң жобасында Агенттіктің қаржы ұйымдары мен банк холдингтерінің басшы қызметкерлерін келісуі бойынша жекелеген талаптарды жеңілдету көзделеді.
Атап айтқанда, банктерге, сақтандыру ұйымдарына, жинақтаушы зейнетақы қорларына және бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушыларға бас бухгалтердің міндеттерін уақытша атқаруды бас бухгалтердің орынбасарына жүктеуге мүмкіндік беріледі.
Бұдан басқа, Агенттіктің жанама банк холдингтерінің басшы қызметкерлерін келісуі бойынша талап алып тасталады, себебі банкті жалпы басқаруға банктің өзінің және тікелей банк холдингінің Агенттікпен келісілген топ-менеджерлері жауапты болады.
Екінші.
Банк секторына инвестициялар үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында Заң жобасында банк лицензиясын алу үшін жекелеген артық талаптарды алып тастау көзделеді.
Халықаралық стандарттарға сәйкес банк лицензия алу елінде нақты өзі болуға тиіс, яғни оның басқару жүзеге асырылатын және банк қызметін есепке алу жүргізілетін нақты орны болуға тиіс.
Бұл ретте шет мемлекеттердің заңнамасында лицензия алатын банкте меншік құқығындағы үй-жайы болуы туралы талап жоқ, себебі мұндай үй-жай жалға алынуы мүмкін.
Осыған байланысты, Заң жобасында жаңа банк ашқысы келетін тұлғалар үшін лицензия алу үшін әкімшілік кедергі ретіндегі осы талапты алып тастау көзделеді.
Сондай-ақ, Заң жобасында банк ашуға рұқсат алғаннан кейін бір жыл ішінде қызметкерлерді жалдау талаптарын алып тастау көзделеді, себебі Банктер туралы заңның басқа нормасына сәйкес банк лицензиясын алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесіне штат кестесі де кіреді.
Осыған байланысты, ағымдағы редакцияда бұл талап әртүрлі оқылуы мүмкін және жаңа банк ашқысы келетін адамдар үшін әкімшілік кедергі болады.
Сонымен қатар Заң жобасында Агенттік мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алуы мүмкін жекелеген құжаттарды ұсыну жөніндегі талаптарды алып тастау көзделеді.
Тиісті түзетулер банктің ірі қатысушысы немесе банк холдингі мәртебесін алуға, сондай-ақ банктің еншілес ұйымды құруға немесе иеленуге рұқсат алу рәсімдерінде көзделген.
Жалпы алғанда, ұсынылған түзетулер қаржы секторының одан әрі дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.