2023 ж. « 8 » қарашада жарияланды Қазақстан Республикасының
Бас прокуроры
Б. Н. Асыловқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Елімізде интернет алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны азаяр емес. Өткен жылдың өзінде 20444 дерек тіркеліп, 16,5 миллиард теңгеге залал келген. Ал биыл жыл аяқталмаса да, 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, зардап саны 11 миллиардан асты. Олардың құрбаны болып көбінде үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер болып отыр.
Интернет алаяқтықтың түр-түрі бар. Соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы «байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арзан тауар жеткізушілер көбейген. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс жасаса, енді бірі толығымен халықты алдап кетуде.
Бұған дейін қаржылық пирамида мен интернет алаяқтарға алданғандарды көп еститін едік, қазір «байытамын» дейтін байерлерге барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз.
Солардың бірі елде лақап атымен танымал болған – Айс Мұратова (Шын аты - Арайлым). Ол соңғы 2 жылда халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап өзін жақсы жағынан жарнамалаған.
Оның ішінде, Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқтар жіберемін деген. Әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, «қол астымда заңды жұмысшыларым» бар деп елді сендірген.
Төлемдерді ешқандай келісім-шартсыз, яғни карталық шотына «перевод» арқылы жіберуді сұраған.
Рас, басында аз-маз ақшаға қажетті тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдаған. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған?! Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан астам азаматтан жалпы соммасы шамамен 30 миллиард теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен.
Енді сауда жасап, күн көрмекші болған азаматтар «Тауар да жоқ, ақшамызды да қайтармады. Арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпады» дейді. Алданғандар арасында абысындарымен жиналып, үйіне әдемі ыдыс алғысы келгендер де, кәсіпкер ретінде тіркелген саудагерлер де бар.
Құрметті Берік Ноғайұлы!
Бұл мәселе күннен-күнге ушығуда. Алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема, таза қаржылық пирамидаға ұқсайды.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, тергеу жұмыстары әділ жүргізіліп, іске қатыстылардың барлығына тиісті жаза қолдану керек. Себебі алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Сондықтан да бұл мәселені өзіңіздің жеке бақылауыңызға алуды сұраймын.
Құрметпен,
Депутаттар: Д. Мұқаев
Н. Сабильянов
Е. Бейсенбаев
Е. Бейсенбаев
О. Құспеков
С. Мұсабаев
А. Мысырәлімова
Н. Сарсенғалиев
Е. Саурықов
Т. Серіков
Ж. Сүлейменова