2023 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы таныстырылды. Заң жобасының таныстырылымына Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі, уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам өкілдері мен сарапшылар қатысты. Заң жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметі Заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірледі. Заң жобасында: - еліміздің колледждерінде академиялық ұтқырлық пен онлайн-оқыту мүмкіндіктерін ұсыну, - балаларға арналған қосымша білім беру ұйымдарының қызметін бастау және тоқтату үшін хабарлама жасау тәртібін енгізу қарастырылды. Сонымен қатар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау мақсатында кәсіби асырап алушы отбасы институтын енгізу көзделеді. Таныстырылым барысында заң жобасының нормалары бойынша сұрақтар, сондай-ақ білім беру және бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды. Таныстырылым барысында айтылған ұсыныстар депутаттардың заң жобасындағы жұмысы шеңберінде қаралатын болады.