Президент Қ. К. Тоқаевтың сапалы және қолжетімді білім беруді дамыту туралы тапсырмасын орындау мақсатында жоғары оқу орындары мен колледждердің лицензияларын кері қайтарып алуға байланысты бірқатар жұмыс жүргізілгенін білеміз.
2022 жылы мауысым айынан бастап жаңадан министрлік құрылды. Мемлекет басшысы осы жұмысты жаңа министрлікке әрі қарай жалғастыруды тапсырды. Келесі айда оған бір жыл толады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан 2022 жылы университеттерді тексеруге осыған орай қанша бастамашылық жасалды? Қандай заң бұзушылықтарға байланысты қанша лицензия қайтарып алынды?
Осыған орай бір жылдың ішінде осы бағытта атқарылған жұмыс туралы ақпарат сұраймыз.
БАҚ беттерінде де осы туралы ақпарат жеткіліксіз. Сіз өз сұхбатыңызда 30 университет лицензиясыз қалады деп айттыңыз. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Енді осы университеттер тізімі бойынша және онда оқитын студенттерді, жұмыс істеген оқытушыларды орналастыру үшін қандай шаралар қабылданды?
Мемлекет басшысының сапалы және қолжетімді білім беруді дамыту туралы тапсырмасын одан әрі іске асыру мақсатында «AMANAT» партия фракциясы келесі ұсыныстарды енгізеді:
1) ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі лицензияларды кері қайтарып алу бойынша басталған жұмысты жалғастыруы қажет;
2) дайындық бағыттары мен жоғары білім беру жүйесінде ЖОО-дың қолда бар лицензияларын кері қайтарып алуға байланысты ақпарат қолжетімді және ашық болуы керек;
3) жоғары білім беру жүйесін цифрландыру жұмысын аяқтау керек, себебі қазіргі уақытта Ұлттық білім беру дерекқоры (ҰБДБ) бөлінуіне байланысты ЖОО-да жалғыз ақпараттық базамен проблемалар туындады;
4) лицензиялау туралы шешім қабылданғаннан кейін тиісті ақпаратты міндетті түрде жариялай отырып, берілетін жаңа лицензиялар бойынша жұмыстың жұртшылық үшін ашықтығын қамтамасыз ету қажет.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты, «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде жауап беруіңізді сұраймыз.