Наумова
Динара
Рустамқызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Т.Б. Дүйсеноваға

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Тамара Босымбекқызы!

Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша түрлі шараларды жүзеге асырып, оларға тең мүмкіндіктер жасауға және лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз етуге тырысуда. Мемлекет басшысы осы санаттағы азаматтарға қолдау көрсетуді жақсарту қажеттігін үнемі назарда ұстап келеді. Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, көптеген мәселелер шешімін таппай отыр және қосымша назар аударуды қажет етеді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда зейнетақы төлемдері 2031 жылға қарай зейнеткерлік жасты одан әрі 63 жасқа дейін арттыра отырып, ерлерге 63 жасқа толғанда, ал әйелдерге 61 жастан бастап тағайындалады. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін зейнетке шығудың ерекше шарттарына қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, қазіргі жеңілдіктер мүгедектер мен мүгедек балаларды бағып отырған ата-аналарға қолданылмайды.

Мүгедектер үшін қолайлы өмір сүру және жұмысқа орналасу жағдайларын жасау олардың еңбек ортасына табысты енуі үшін өте маңызды. Бұл жағдайда мұндай азаматтардың кәрілік кезіндегі ерекше қажеттіліктері мен физиологиялық жағдайын ескеру қажет. Созылмалы аурулар мен функционалдық бұзылулар жасына қарай дамиды, бұл 63 жасқа дейін жұмысты жалғастыруды қиындатады.

Осындай қиындықтар мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар арасында да байқалады, бұл да назар аударуды қажет етеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары айтарлықтай күш пен ресурстарды қажет ететін қиындықтарға тап болады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға мамандандырылған күтім мен қолдау көрсету қосымша уақыт пен эмоционалдық энергияны қажет етеді. Айта кету керек, мұндай балаларға арналған медициналық қызмет пен мамандандырылған іс-шараларға жұмсалатын шығындар отбасының орташа табысынан асып, ауыр қаржылық жүктемені тудыруы мүмкін. Осындай шығындармен көптеген ата-аналар балаларына толық уақыт бөлу үшін жұмыстан бас тартуы қиынға соғады. Бұл эмоционалдық шаршауға және ата-аналардың денсаулығына байланысты проблемаларға әкеледі.

Анықталған проблемаларға байланысты азаматтардың осы санатын қолдау үшін зейнеткерлік жасты төмендету бойынша жеңілдіктер енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды. Бұл шара мүгедектерге ертерек зейнетке шығуға және денсаулығына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді, өйткені олар өмір бойы көптеген кедергілерге тап болады, бұл оларды осал етеді және физикалық және психоэмоционалдық жағдайына теріс әсер етеді.

Ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін зейнеткерлік жасты төмендетумен қатар олардың сауығуы және психоэмоционалдық жағдайын жақсартуы үшін қосымша демалыс беру мүмкіндігін қарастыру қажет.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты зейнеткерлік жасты құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қажетті жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын, атап айтқанда:

1. Жұмыс істейтін мүгедектердің зейнеткерлік жасы 53 жасқа дейін белгіленсін.

2. Зейнеткерлік жасты 53 жас деп белгілеп, мүгедек балаларды бағып отырған ата-аналарға қосымша демалыс енгізу.

Біз бұл бастамаларды жүзеге асыру көптеген азаматтардың өміріне оң әсер етіп, әрбір адам өз әлеуетін толық іске асыра алатын және мемлекет тарапынан қолдауды сезіне алатын әділ және инклюзивті қоғам құруға көмектесетініне сенімдіміз.

 Құрметпен, 

«Республика» партиясы фракциясының депутаттары -  Д. Наумова,  А.Қожаназаров,  Р. Берденов,  А.Қошмамбетов,  О.Құспеков,  Н.Тау

 «Аманат» партиясы фракциясының депутаты             Д.Колода

  «Қазақстан халық партиясы» фракция депутаттары  Г.Танашева,  Қ.Сейітжан