Нажметдинұлы
Болатбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутат Б.Нажметдинұлы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде субсидиялауда сараланған тәсілді қолдану туралы мәселені көтерді

Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Ә.С. Қуантыровқа



Құрметті Әлібек Сәкенұлы!


Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – ҚР АШМ) «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін
өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының
2018 жылғы 23 шілдедегі № 317 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрықты әзірлеу және бекіту жұмыстарын жүргізуде (құжатқа сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view? ).

Бұйрық жобасында сараланған тәсілді қолдану

ҚР АШМ бұйрығының жобасына сәйкес ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде субсидиялауда сараланған тәсілді қолдану жоспарлануда.

Мәселен, №1.1 «Сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу» жобасының паспорты үшін субсидиялаудың жоғары мөлшерлемесі (30%) көзделген. Бұйрықтың 12-тармағына сәйкес «№ 1.1 жоба паспортында көрсетілген техника, машина және құрал-жабдықтарды субсидиялау техника мен машиналар модельдерінің, сондай-ақ оларды өндірушілердің және ресми дилерлер тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес жүзеге асырылады. Тізбені индустриялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган ұсынады» (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, бұдан әрі – ҚР ИИДМ).

№ 1 «Ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алу» жобасының паспорты үшін 15% және 25% мөлшерінде субсидиялау көзделген. Техниканың бұл тізіміне ҚР ИИДМ қалыптастыратын Тізбеге кірмейтін техниканың түрлері мен модельдері енгізілген (Бұйрық жобасының 12-тармағы:«Тізбеде техника мен машиналардың ұсынылған түрлері болмаған жағдайда, субсидиялау № 1 жобаның паспорты бойынша жүзеге асырылады.»).

Сонымен қатар, 2022 жылғы тамызда ҚР ИИДМ қалыптастырған Тізбені зерделей отырып, Тізбеге негізінен қазақстандық құрастыру кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы техникасын сататын компаниялардың шектеулі тізімі кіреді деген қорытынды жасауға болады.

Осылайша, субсидиялаудың 30% жоғары мөлшерлемесін еліміздің құрастыру компаниялары мен жергілікті кәсіпорындардың техникасын сататын жеткізушілер алады деп болжауға болады.

Сонымен бірге, отандық машина жасау преференцияларының қомақты көлеміне қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша құрастыру өндірістері көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады.

Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2022 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша құрап шығарылған ауыл шаруашылығы машиналары санының қысқаруы байқалады: егер 2021 жылы шығару көлемі 5159 тракторды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4422 техниканы құрады. Астық жинайтын комбайндар бойынша да осындай жағдай: 1 341 техника бірлігінен 838 бірлікке дейін қысқарған.

Сонымен қатар, еліміздегі ауыл шаруашылығы машиналарының тапшылығына қарамастан, соңғы бірнеше жылда жергілікті құрастыру зауытынан шыққан техникасының бағасы өсуде, ал нақты локализацияға әлі де қол жеткен жоқ.

Анықтама үшін:

Мысалы, «Палессе» Беларусь комбайндары Қазақстан Республикасында 2007 жылдан бастап «Есіл» маркасымен шығарылады. Локализациялау жоспарын уәкілетті орган әр 3-4 жыл сайын комбайндағы жергілікті қамтылымның үлесін 40-50%-ға дейін есептеп, негізінен  құрастыру операцияларының ұқсас бір тізбесін қамти отырып қайта бекітті. Кабиналар, шанақтар немесе шасси сияқты бөліктерді айтпағанның өзінде, тіпті сүзгілер, жұмыс органдары сияқты және т.б. қарапайым шағын бөлшектерді өндіруге әлі қол жеткізілген жоқ.

№1 паспорт үшін төмен шекті құн

Сонымен қатар, №1.1 паспортта көзделген техника түрлері №1 паспортта да бар екеніне қарамастан, №1 жобаның паспорты үшін көрсетілген шекті құн №1.1 жобаның паспортымен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Сондай-ақ, №1 паспорт үшін көзделген шекті құн нарықтық құннан әлдеқайда төмен және ұзақ уақыт бойы жаңартылмаған.

Осылайша, №1 паспортта көзделген техниканы нақты субсидиялау
5-8%-ды құрайды, яғни мәлімделген 15%-дан әлдеқайда төмен болады.

Анықтама үшін:

Мысалы, қуаттылығы 200-300 а.к. болатын шетелдік тракторлардың (доңғалақты) бағасы орта есеппен 180-220 млн. теңгені құрайды, сонымен бірге бұйрық жобасында мұндай модель үшін көзделген шекті құн 95 млн. теңгені құрайды, осылайша техниканың нақты бағасы шекті құнынан 1,9-2,3 есе асады. Демек, нақты субсидиялау трактор құнының жартысын ғана құрайды, яғни мәлімделген 15% орнына 6-8% болады.

Бұйрық жобасын Ұлттық экономика министрлігімен (бұдан әрі – Министрлік) келісу

Нормативтік құқықтық құжаттарды бекіту шарттарына сәйкес аталған бұйрық жобасы келісу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне келіп түсуге тиіс.

Осыған байланысты мынадай бірқатар сұрақтар туындап отыр.

– Осы бұйрық жобасы Министрлікке келісуге келіп түскен жағдайда
ҚР АШМ енгізетін ауыл шаруашылығы техникасын инвестициялық субсидиялау қағидаларының ел экономикасы үшін салдары айқындалды ма?

– Осы бұйрық жобасы қабылданған жағдайда экономикалық тиімділік пен шығындарды бағалау жүргізілді ме?

Осы айтылғандарды ескере отырып, аталған сұрақтарға жауап беруіңізді, сондай-ақ Министрлікке түскеннен кейін осы Бұйрық жобасын қарау процесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне берген позицияңызды ұсынуыңызды сұраймын.




Құрметпен,




Б. Нажметдинұлы