Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
Е.Ш. Қарашөкеевке
Құрметті Ербол Шырақпайұлы!
Қазіргі уақытта еліміздің аграршылары арасында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде аграршыларды қолдау мәселесі өзекті болып отыр.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы
23 шілдедегі № 317 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрық жобасында (бұдан әрі – Бұйрық жобасы) ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – АШМ) субсидиялауда сараланған тәсілді қолдануды жоспарлауда, мұнда
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – ҚР ИИДМ) қалыптастыратын техника тізімі жоғары мөлшерлеме (30%) бойынша, ал қалған барлық техника төмендетілген мөлшерлеме (15% және 25%) бойынша субсидияланатын болады.
Осыған байланысты мынадай бірқатар сұрақтар туындап отыр.
Бірінші. Бұйрық жобасының мәтінінде сұранысқа ие техника ұғымы түсіндірілмеген. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері өздері таңдаған техниканың сұранысқа ие екендігін және оның жоғары мөлшерлеме бойынша немесе төмендетілген мөлшерлеме бойынша субсидияланатындығын қалай анықтайтыны түсініксіз.
Таңдалған техниканың сұранысқа ие болуы үшін қандай талаптарды орындау қажет екендігі туралы түсінік берілмеген.
Сонымен қатар, сұранысқа ие болу сияқты ұғым саладағы нарықтық сұраныспен анықталады. Сол себепті неліктен мемлекеттік органдар бұл терминді қолданады және тиісті мемлекеттік органдар сұранысты анықтай алады деп санайды деген сұрақ туындайды.
Осыған байланысты, сұранысқа ие техниканың нақты анықтамасын беруіңізді сұраймын, техника талап етілетін болып саналуы үшін қандай өлшемшарттар орындалуға тиіс, сондай-ақ сұранысқа ие болу өлшемшарттары қандай құжатқа сәйкес анықталғаны туралы ақпарат беруіңізді сұраймын.
Екінші. Бұйрық жобасының 12-тармағына сәйкес техникаға сұранысты индустриялық даму саласындағы уәкілетті орган, яғни ҚР ИИДМ айқындайды.
Қолданыстағы заңнаманы талдау көрсеткендей, ҚР ИИДМ-нің агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау мақсаттары үшін сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын айқындау/бекіту бойынша құзыреті жоқ. ҚР ИИДМ ережесінде де (ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 936 қаулысымен бекітілген) сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасын айқындау/бекіту жөніндегі функция мен құзырет белгіленбеген.
ҚР АШМ қандай нормативтік құқықтық актілердің негізінде ҚР ИИДМ-ге АӨК-ні субсидиялау мақсаттары үшін техника мен машиналар модельдерінің («сұранысқа ие» техника), сондай-ақ оларды өндірушілер мен ресми дилерлердің тізбесін айқындау жөнінде құзырет береді?
Үшінші. Бұйрық жобасының салыстырма кестесінде аграршыларды субсидиялау еліміздің өнеркәсіптік саясатына сәйкес келтірілуге тиіс екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, еліміздің машина-трактор паркінің жай-күйі (тозуы 76%) республиканың ауыл шаруашылығы машина жасау саласына ғана сенуге мүмкіндік бермейтінін ескеру қажет, өйткені құрастыру кәсіпорындарының қуаты төмен болып отыр.
Бұдан басқа, 2022 жылдың қорытындысы бойынша құрастыру өндірісі көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша тракторлар шығару 14,3%-ға, комбайндар шығару 37,5%-ға қысқарған.
Осыған байланысты, ҚР АШМ еліміздің машина-трактор паркінің тозуы мәселесін қалай шешпекші? Ведомство ресми деректерге сәйкес өндірістегі өсуді көрсетпейтін құрастыру кәсіпорындарының көрсеткіштерін басшылыққа алады ма? Жетіспейтін техниканы жаңарту қалай жүзеге асырылмақ?
Төртінші. Шетелдік және жергілікті ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілер жыл сайын бағаны көтереді, бұл машиналар мен жабдықтар бағасының жалпы өсуіне алып келеді. Дегенмен, Бұйрық жобасында көрсетілген шекті құн қазіргі нарықтық бағамен салыстырғанда төмен болып қалуда.
Нақты бағаларға сәйкес келмеу субсидиялаудың нақты деңгейінің белгіленген мәннен төмен қысқаруына алып келеді.
Мысалы, қуаттылығы 200-300 а.к. шетелдік тракторлардың (доңғалақты) бағасы орта есеппен 180-220 млн. теңгені құрайды, сонымен бірге бұйрық жобасында мұндай модель үшін көзделген шекті құн 95 млн. теңгені құрайды, осылайша техниканың нақты бағасы шекті құнынан 1,9-2,3 есе асады. Демек, нақты субсидиялау трактор құнының жартысын ғана құрайды, яғни мәлімделген 15% орнына 6-8% болады.
Осылайша, фермерлер іс жүзінде әлдеқайда аз қолдау алатын болады.
Осыған байланысты Бұйрық жобасында көрсетілген шекті құнның қандай деректер негізінде қалыптастырылғаны жөніндегі ақпаратты, есептеу әдіснамасын, сондай-ақ ҚР АШМ есептеу кезінде негізге алған өнім берушілердің прайс-парақтарын, жүргізілген талдаудың өзін ұсынуды сұраймын.
Бесінші. Жобалардың паспорттарын талдай келе, № 1 жобаның паспортындағы бірдей техникаға қарағанда №1.1 жобаның паспорты үшін жоғары шекті құн белгіленген деген қорытынды жасауға болады.
Мәселен, №1.1 паспорттағы қуаттылығы 101-200 а.к. шынжыр табанды трактор үшін шекті құн 63,8 млн. теңге көлемінде белгіленген, №1 жобаның паспортындағы қуаттылығы 101-200 а.к. трактор үшін шекті құн төмен белгіленген, яғни 56,3 млн. теңгені құрайды.
Бұл ретте, №1 паспорттағы өнімділігі екі есе, яғни қуаттылығы 201-400 а.к. трактор үшін шекті құн № 1.1 паспорттағы қуаттылығы 101-200 а.к. трактормен бірдей – 63,8 млн теңге.
Бұйрық жобасында № 1.1 паспорттағы техника үшін №1 паспорттағы сондай техникаға қарағанда жоғары шекті құн белгіленетін тең емес шарттар көзделген. Мұның себебі не?
Бұдан басқа, әр паспорт үшін техниканың қуаты бойынша өзіндік градация көзделген, бұл №1 паспорттағы техника үшін шекті құн мен нақты баға сәйкестігі төмен болып, ал №1.1 паспорт үшін қуат градациясы неғұрлым кең болатындай әрі нақты бағаларға сәйкес келуге қол жеткізуге мүмкіндік беретіндей жағдай жасайды.
Осылайша, бұл жағдай № 1 паспорттағы техника үшін іс жүзіндегі субсидиялаудың мәлімделген көлемге сәйкес келмеуіне, ал № 1.1 паспорт үшін мәлімделген мөлшерлемеге 30% көлемінде қол жеткізуге алып келеді.
Осыған байланысты әр тармақ бойынша түсініктеме беруіңізді сұраймын.
Осы айтылғандарды ескере келе, Бұйрық жобасының ағымдағы мәртебесін көрсете отырып, аталған мәселелердің әрқайсысы бойынша егжей-тегжейлі ақпарат беруіңізді сұраймын.
Құрметпен,
|
Б. Нәжметдинұлы
|