Нажметдинұлы
Болатбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутат Б.Нажметдинұлы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде субсидиялауда сараланған тәсілді қолдану туралы мәселені көтерді.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

Құрметті Әлихан Асханұлы!

2023 жылдың 17 шілдесінде менің ұсыным бойынша Шымкент қаласының кәсіпкерлік палатасы алаңында осы жылдың 1 шілдесінен іске қосылуы жоспарланған Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақапараттық жүйесінің (бұдан әрі – ЖМБМК) шеңберіндегі жер саласында көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселесіне қатысты жиын өтті.

Жиынға Шымкент қаласының жергілікті атқарушы органдарының басшылығы және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлері қатысты.

Өзіңізге мәлім, 2023 жылдың 5 сәуірінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды, оның шеңберінде жер және құқықтық кадастрлар базасын біріктіру жолымен жер ресурстары мен жылжымайтын мүліктің бірыңғай базасын цифрландыру және қалыптастыру бойынша түзетулер қабылданды.

Заң 2023 жылдың 1 шілдесінде күшіне енуі тиіс болатын, сонымен бірге астана, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалаларда жерді бөлу процессінен жер комиссиялары алып тасталып, толықтай автоматтандырылуы тиіс еді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы «Қазақстан Республикасының 05.04.2023 жылғы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы
25 мамырдағы № 84-ө өкіміне (бұдан әрі – Өкім) сәйкес уәкілетті органдар осы жылдың маусымында (2023 жылғы 1 шілдеге дейін) 30-дан аса құқықтық акт қабылдануы (өзгертілуі/толықтырылуы) қажет.

Айта кету қажет, заң жобасы 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан енгізілген болатын.

Заң жобасы «шикі» болуына байланысты ол 2 жылдан астам уақыт бойы Мәжілісте құрылған жұмыс тобы тарапынан айтарлықтай өзгертіліп, толықтырылды.

Заңды дайындауға осыншама уақыт жұмсағанына қарамастан, оны іске асыруға қажетті құқықтық актілер бүгінгі күнге дейін қабылданбаған, жер берудің жаңа механизмі іске асырылмаған, ал  ЖМБМК іске қосылмаған.

Сонымен қатар, мәселе тек нормативтік қамтамасыз етуде ғана емес, оған қоса жер бөлудің мемлекеттік қызметін электронды түрде көрсетуге техникалық дайындықтың да жоқтығынан.

ЖМБМК-да орналастырылған Жария кадастр картасын (бұдан әрі – ЖКК) халық пен кәсіпкерлерді елді мекендердегі инженерлік желілер, бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, шектеулер, ғимараттар мен жер учаскелері туралы мәліметпен интерактивті және ашық түрде қамтамасыз етеді деп жарияланған болатын.

Алайда, ЖКК-ға кіріп қарайтын болсақ, көптеген қателіктерді, жер учаскелерінің бір-біріне қабаттасуын көреміз (учаскелердің шекаралары жолдарға, өзендерге, тіпті Астанада, ғимараттың сол жағалауындағы учаскелер Есіл өзенініне жақын орналасқан).

ЖКК-да осындай ақаулықтардың болуы жалпы жер бөлудің электрондық механизмін асыруға үлкен тосқауыл ғана емес, бұл механизмді мүлдем іске асыра алмауға дейін алып келуі әбден мүмкін.

Оған қоса, халық пен бизнес еліміздің қалаларында жер алудың жаңа тәртібі бар екенін, ЖКК бар екенін, қайда және қалай онлайн өтініш беру керектігін де білмейді.

Осы ескертулерді Шымкент қаласында өткізілген жоғарыда айтылған жиынға қатысқан Ауыл шаруышылығы және Цифрлық даму вице-министрлерінің назарларына жеткіздім, алайда қанағаттанарлықтай жауап алмадым.

Мемлекеттік органдар өздерінің жетістіктері туралы жоғарыға есеп беруге асығатын мұндай жағдайлардың қалай аяқталатынын ауылшарушылығын субсидиялаудың жаңа порталы мысалында жақсы білеміз.

ЖКК-ның негізгі функциясының бірі – дерекқордағы жер учаскелерін нақты ғарыштық суреттерге орналастыру болуы қажет еді, ал іс жүзінде ЖКК-да мұндай функция жоқ екені белгілі (ЖКК-да орналастырылған Қазақстан Ғарыш Сапарының спутниктік суреттерінің сапасы өте төмен және қолдануға келмейді).

Оған қоса, жерді цифрлық форматта ұсынуға жергілікті әкімдіктердің аймақтық геоақпараттық жүйелері қатысады, және ақпараттық порталдардың түрлі жүйлерді қолдануынан олар ЖКК-мен мәлімет алмасу барасында қателіктерге тап болу ықтималдылығы жоғары, себебі елімізде ұлттық бірыңғай координаттар жүйесінің болмауында.

Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымын құруға арналған мемлекеттік тапсырма шеңберінде еліміздің ұлттық координаттар жүйесін 2025 жылға дейін құру көзделген. Оған қоса, мемлекеттік тапсырма, жаңадан жасалған және осы және келесі жылдары жасалатын цифрлық карталарды жаңа координаттар жүйесіне қайта есептеуге арналған шығындарды көздейді.

Жаңа координаттар жалпы жүйенің негізі бола тұра, цифрландыру жұмыстарының соңына қалып кеткен. Бүгін спутник және аэро түсірілімдерін жасап, соның негізінде цифрлық карталарды ескі координаттар жүйесінде жасап, бір-екі жылда оларды қайтадан бюджет қаражаты есебінен еліміздің жаңа координаттар жүйесіне сәйкестендіру үшін қаражат жұмсауға тура келіп отыр.

Оған қоса, бірыңғай координаттар жүйесінің болмауы түрлі ақпараттық жүйелерінің бір-бірімен байланысында қиындықтар мен сәйкессіздікке алып келуде.

Жер саласын цифрландырудың негізін қаламай, онда бар ақаулықтарды жоймай, ескі ақпараттық жүйелерден жаңа жүйелерге мәлемітті қателіктермен бірге көшіре отырып жер саласын цифрландыру ертең қандай салдарға алып келеді және оларға кім жауапты болады.

Жоғарыда жазылғанның негізінде, Сізден Үкіметке ЖМБМК мен ЖКК-ны толыққанды зерделеп, анықталған ақаулықтарды жою, барлық қажетті құқықтық актілерді қысқа мерзімде бекіту және қабылданған заң шеңберінде мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер, тұрғындар және кәсіпкерлер арасында кең түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсыруды сұраймын.

Құрметпен,                                                               Б.Нажметдинұлы