Нажметдинұлы
Болатбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутат Б.Нажметдинұлы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлерге жан жақты қолдау және дамыту шаралары туралы мәселені көтерді

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Ә.А. Смайыловқа

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдіктерге өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына басты назар аудару, жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде жүйелі шаралар қабылдау туралы бірқатар міндеттер жүктеген.

Бүгінгі таңда, Үкімет және әкімдіктер тарапынан кәсіпкерлерге жан жақты қолдау шаралары жүргізілуде.

Оның ішінде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлік дамыту ұлттық жобасын» іске асыру нәтижесінде республика деңгейінде кәсіпкерлік саласына оң әсерін тигізуде.

Мысалы, Шымкент қаласында кәсіпкерлік субъектілер саны 124,7 мың бірлікті құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 51,7% артқан.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі арқылы республикалық бюджеттен тікелей қаржыландырылады. Ал, өңірлік Жалпы сипаттағы трансферттер көлемінде қаралған қаржыны жергілікті бюджеттен қарастырады.

2023 жылы Шымкент қаласына «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауға 16,6 млрд. теңге қаржы қаралған (РБ 14,8 млрд.теңге; ЖБ 1,8 млрд.теңге).

Алайда, республика бойынша бүгінгі таңда, кәсіпкерлікті дамытуға және инвестиция тартуына кері әсер ететін жағдай орын алуда. Себебі, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қажетті қаржы жоқ. Енді жүзеге асырылатын жаңа жобаларды ескермегенде республика бойынша қажеттілік 34 млрд.теңге.

Оның ішінде, Шымкент қаласы бойынша қажеттілік 2,4 млрд.теңгені құрайды. Бұл қаржыға қалаға 70 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылып, 2 мыңнан астам жұмыс орындары құрылады.

Қаржының тапшылығы, өңір және бүкіл ел экономикасының жоспарланған өсіміне жетуіне кері әсер етеді.

Бұл мәселе Шымкент қаласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында қаладағы кәсіпкерлік саласын қолдауға жұмыс жасайтынымызды, әрбір сайлаушыға жеткізген болатынбыз. Осы уәдемізді орындау мақсатында – халықтың аманатын арқалау – біз үшін үлкен жауапкершілік.

Сөзімді қорытындылай келе, кәсіпкерлікті дамыту- экономиканы әртараптандырудың, жаңа өндіріс ашу арқылы жұмыспен қамтудың негізгі факторы болып келеді.

Осыған байланысты, жоспарланған қалаға тартылатын инвестиция көлеміне және кәсіпкерлерді қолдау мақсатында республикалық бюджеттен банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға қосымша 2,4 млрд.теңге қарастыруды сұраймын.

Құрметпен,                                                                                                                                     Б. Нажметдинұлы