Нұрымова
Гүлдара
Алданышқызы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Аймақпен жұмыс өткізу

    «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде депутат Нұрымова Г.А.азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдады. Қабылдауда қала тұрғындарымен қатар, Т.Рысқұлов, Жамбыл және Байзақ аудандарының тұрғындары да болды. Қабылдауға алғашқы болып кірген азаматшалар өздерін бастамашыл топ өкілдеріміз деп таныстырды. Көтерген мәселелері білім, медицина, экология және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған біраз мәселелер болды. Өтініш иелеріне қабылдауға шақыртылған сала мамандары нақты жауаптарын беріп, бірқатарын бақылауға алып, мерзіміне сәйкес тиісті жауаптарын беретінін түсіндірді. Келесі келген қала тұрғыны өзінің мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы бар екенін айтып, алдағы уақытта мүгедек балаларды қолдау мақсатындағы ұсыныстарын білдірді. Мәжіліс депутаты өтініш иесінің ұсынысын өз бақылауына алып, уақытында жауап беретінін жеткізді. Сондай-ақ, мүгедек бала қарап отырған ана қызына тағайындалған III топпен келіспейтінін айтты. Диагнозы: Склеродермия. Өтініш иесіне Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаменті мен медициналық сараптау комиссиясының өкілі кеңінен жауап беріп, десе де қайта медициналық сараптамадан өтуге кеңес берді. Т.Рысқұлов ауданынан келген азамат өзінің жеке шаруа қожалығы бола тұра, мемлекеттен тиісті субсидия ала алмай жүргенін алға тартып, субсидия алуға ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде депутат өтініш иесінің мәселесі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жауабын жақын күнде беретінін түсіндірді. Тараз қаласының тағы бір тұрғыны қалалық орталық стадионына Х.Бектұрғановтың есімін беру туралы ұсынысын айтты. Өтініш иесіне стадионға жаңа есім беру ұсынысын құзырлы органдарға ұсыныс ретінде жолдайтынын айтты. Байзақ ауданынан келген азаматша өзі тұратын Құмжота ауылында қаражат бөлініп, үш жыл уақыт өтсе де әлі күнге дейін газсыз отырғандарын ауыл тұрғындары атынан айтып шағымданды. Депутат ауыл тұрғындарының атынан жазылған ұжымдық жазбаша арыздарын қабылдап, жауабын өтініш иесіне хабарлайтын болады. Ал, Жамбыл ауданы, Құмтиын ауылынан келген азамат қазіргі таңда өз балаларымен қатар 9 жетім баланы асырап отырған азамат. Өтініш иесі осы балаларды қолдау ретінде «Асарлатып үй салу жобасы» аясында үй салып беруді сұрады. Депутат бала асырап отырған азаматқа ризашылығын білдіріп, міндетті түрде жергілікті атқарушы органдарға депутаттық сауал жолдайтынын тілге тиек етті.