25 ақпанда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша дөңгелек үстел өтті. Аталған іс-шараға жұмыс тобының мүшелері, депутаттар - Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері және сарапшылар қатысты. Өткізілген іс-шара аясында Әлеуметтік қызметтер порталының қызметі, Жеке көмекші институтының проблемалық мәселелері, мүгедектерді жұмысқа орналастыру мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында "Шанс" ҚБ төрағасы В.Л.Шиманский, "Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы" ҚБ төрайымы К. Б. Бәйменова, Қазақстан мүгедектер ұйымдары одағының төрағасы А. А. Аманбаев, "Шырақ" мүгедек әйелдердің қауымдастығы" ҚБ басшысы Л. М. Калтаева, Аутизмді, ерекше қажеттіліктері бар және жетім балаларды қолдау жөніндегі "AINAR" ҚҚ директоры Н. Балтабайқызы сөз сөйледі. Депутаттар А.Қ. Нуркина, Г. А. Нұрымова, З.А.Камасова және басқа да кездесуге қатысушылардың сұрақтарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері жауап берді.