Рақымжанов
Асхат
Нұрмағамбетұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Балалар тағамына қатысты мәселелер

Депутаттық сауал Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министріне

Құрметті Ғани Бектайұлы!

Соңғы уақытта біздің партияға балабақшалар мен мектептердегі бастауыш сыныптарды тамақтандырумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша көптеген өтініш келіп түсуде.

Жақында бізге өтінішпен жүгінген елордадағы бір балабақшаның ата-аналары балаларға арналған тағамдар рационы мардымсыз деп шағымданды. Ақыр соңында, балабақша өнім берушілерге шамамен 5 млн. теңге қарыз екені белгілі болды.

Осы мәселе бойынша біз Астана қаласы Білім басқармасының басшысына жүгіндік. Ол қазіргі кезде осындай жағдайлар бойынша 3 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бұрын қабылданған жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі өзін-өзі ақтамай отыр. Егер балабақшаларда топтар толық болмаса, онда сәйкесінше біздің балаларымызды лайықты дұрыс тамақтандырумен қамтамасыз етуге қаражат жеткіліксіз болады.

Бірақ бәрінен бұрын мұндай жағдайлар осы саладағы сыбайлас жемқорлықпен байланысты екендігі алаңдатады.

Мектептерде балалар тағамның сапасына шағымданады. Көбісі тіпті тамақтанбайды. Кейде мектеп басшылығы ата-аналар комитеттеріне мектеп асханаларын тексеріп келіп кетуді сұрайды. Бұл ретте, тексеруге алдын ала дайындалып, дастарханға ең жақсы тағам қойылады.

Ал содан кейін бәрі бұрынғы қалпына келеді. Жағдай жылдан жылға нашарлауда, бұл жерде мектеп немесе балабақша басшылығы мен өнім берушілер арасында өзара көмек көрсету жүйесі қалыптасып отыр. Уәкілетті білім беру органдары да осы жүйеде екеніне күмән келтірмейміз.

Осыған орай мынаны талап етеміз:

1. Жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың қатысуымен, тұрақты негізде шарттар жасасуға және өнім берушілердің өздерін тексеруге дейін бара отырып, тамақтандырудың ұйымдастырылуын тексеру жөніндегі Республикалық комиссия құрылсын.

2. Жоғарыда аталған комиссияға оқу орындары мен мектепке дейінгі мекемелердің басшыларына хабарламай, мектептер мен балабақшаларды тексеру үшін баруға рұқсат берілсін.


Құрметпен, ЖҰСДП фракциясының депутаттары