2023 ж. 15.05. жарияланды
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә.А. Смайыловқа
Депутаттық сауал
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Абай облысында тұрғындармен кездесулер өткізгенде Семей полигонында 40 жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау шараларын жетілдіру мәселесі жиі көтеріледі.
Біріншіден. Зейнетақыға үстемеақы алу құқығы төтенше және ең жоғарғы радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқан және 1998 жылға дейін зейнетке шыққандарға беріледі. Ал 1998 жылдан кейін зейнетке шыққандарға, жоғарғы және ең төменгі радиациялық қауіпті аймақтарда тұрып жатқандарға, басқа аймақтарға көшіп кеткендерге зейнетақыға қосымша үстемеақы берілмейді.
Екіншіден. Көптеген кәсіпкерлік субъектілері, жұмыс берушілер заңда көрсетілген қосымша еңбекақыны және жыл сайынғы ақысы төленетін қосымша демалыс бермейді.
Yшіншіден. Полигоннан зардап шеккен азаматтардың барлығы кешенді медициналық тексеруден өткізілмеген. Оларды жеке есепке алу ісі толық жүргізілмеген. Көпшілігі оңалту орталықтарында емделуге қол жеткізе алмай отыр. Бұл мәселені кешенді түрде шешу керек.
Төртіншіден. Полигоннан зардап шеккен азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендету – өте өзекті мәселенің бірі. Халық, әсіресе, әйелдерді 58 жастан зейнетке шығаруды талап етуде.
Бесіншіден. Зардап шеккен азаматтардың көпшілігінде тұрақты жұмыс орны жоқ. Олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын төлей алмағандықтан толық көлемде медициналық көмек ала алмай отыр. Бұл мәселені де түбегейлі шешу қажет.
Жалпы, осы мәселелерге қатысты өткен шақырылымдарда бірнеше рет депутаттық сауалдар жолданған болатын. Сол кезде Үкімет арнайы зерттеулер жүргізілгеннен кейін полигоннан зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсетуді қайта қарайтынын жазған еді. Қазіргі уақытта арнайы зерттеулер толық жүргізілді.
Осыған орай, Сізден:
- ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға міндетті медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет тарапынан төлеуді;
- зардап шеккен азаматтардың зейнетке шығу жасын төмендетуді және зейнетақыға үстемеақы алу құқығын барлық зейнеткерлерге беруді, оның мөлшерін екі есе арттыруды;
- қосымша еңбекақы мөлшерін екі есе ұлғайтуды, қосымша еңбекақыны және жыл сайынғы ақысы төленетін қосымша демалыс алуға мемлекеттен қолдау көрсетуді;
- полигоннан зардап шеккен барлық азаматтарға тиісті медициналық көмек көрсету және олардың медициналық оңалту ұйымдарында емделуін қамтамасыз етуді сұраймыз.
Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде беруді сұраймыз.
Депутаттар,
«AMANAT» партиясы
Фракциясының мүшелері Н. Сабильянов
Ж. Сүлейменова
С. Нұртаза
Р. Заитов
М. Толықбаев
М. Рожин
Е. Әбдиев