2023 жылғы 13 қыркүйекте жарияланды
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А.Ғиниятқа
Депутаттық сауал
Құрметті Ажар Ғиниятқызы!
Абай облысының тұрғындары және медицина саласының қызметкерлерімен кездесулер өткізгенде денсаулық сақтау саласына және медициналық қызмет көрсетуге қатысты мынадай мәселелер көтеріліп, ұсыныстар берілді.
Бірінші. Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетуге байланысты коэффициенттерді өзгерту қажет.
- Облыстағы жылыту коэффициенті (1,0005) Шығыс-Қазақстан (1,0065), Солтүстік Қазақстан (1,0079) және Қарағанды (1,0063) облыстарына қарағанда төмен. Бұл облыстың климаттық жағдайына қарай, 6 айдан аса қыс, суық болуына байланысты ауруханаларды, емханаларды толықтай жылумен қамтамасыз етуге, медициналық көмектің сапасына кері әсерін тигізеді.
- Семей полигонынан зардап шеккен облыстағы қалалар мен аудандардың экологиялық коэффициенттері басқа экологиялық аймақтарға жататын өңірлермен салыстырғанда төмен. Мысалы, Абай облысының қалалары мен аудандарындағы экологиялық коэффициенттер Шығыс Қазақстан облысының аудандары мен Қызылорда облысының Арал ауданындағы, Байқоңыр қаласындағы экологиялық коэффициенттерден төмен.
Бұл облыстағы медицина қызметкерлеріне тиісті үстеме ақы алуға мүмкіндік бермейді.
Екінші. Облыс тұрғындары ауруханаларда электрондық портал арқылы емделуі үшін кезекті, квотаны кемінде 1-2 ай күтеді. Ақпараттық жүйе дұрыс жұмыс істемейді.
Семей қаласының тұрғындары емханаларда аптасына 1 рет қабылдайтынын жеткізді. Бұл халықтың уақытылы емделуіне кедергі тудыруда.
Yшінші. Жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін аймақтағы орналасқан елді мекендердің арақашықтығын, аурулардың құрылымын, санын ескере отырып, ұлғайту керек.
Жедел жәрдем көліктері және санитарлық автокөліктер ескірген, оларды жаңарту және қызметкерлердің арнайы жұмыс киімін алуына тиісті қаражат бөлінуін қамтамасыз ету қажет.
Төртінші. Семей ядролық полигонының салдарынан зардап шеккен азаматтардың көпшілігінде тұрақты жұмыс орны жоқ. Олар міндетті медициналық сақтандыру жарналарын тұрақты төлей алмағандықтан толық көлемде медициналық көмек ала алмай отыр.
Бесінші. Облыстағы перинатальдық орталықтың кредиторлық борыш көлемі көбеюде, оның ғимараттары ескірген, тозған және көп жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Сондай-ақ, Семей қаласының ядролық медицина және онкология орталығына ғылыми мәртебе беру және қосымша ғимарат салу, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету керек.
«Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау жүйесін кезең-кезеңмен қаржыландыру қарастырылған.
Осыған орай, Сізден:
- Абай облысы бойынша медициналық қызмет көрсетудің жылыту және экологиялық коэффициенттерін ұлғайту;
- жедел жәрдем қызметінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың Абай облысы бойынша базалық тарифінің мөлшерін ұлғайту, көліктерді жаңарту, жедел жәрдем қызметін дамыту;
- перинатальдық орталыққа күрделі жөндеу жүргізу, онда барлық қажетті жағдайды жасау;
- ядролық медицина және онкология орталығына ғылыми мәртебе беру, қосымша ғимарат салу, тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету;
- Семей ядролық полигоны сынақтарының салдарынан зардап шеккен азаматтарға, облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруыңызды сұраймыз.
Депутаттар,
«AMANAT» партиясы
Фракциясының мүшелері Н.С. Сабильянов
С.М.Пономарев
Ж.Д.Сүлейменова
Депутат, «Қазақстан Халық партиясы»
Фракциясының мүшесі Г.Ш.Танашева
Депутат Д.Т.Мұқаев