«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: САПАЛЫ БІЛІМ, АДАЛ ҰРПАҚ, ТАБЫСТЫ ҰЛТ» ТАҚЫРЫБЫНДА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БІРЫҢҒАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПАНЕЛЬДІК СЕССИЯСЫ ӨТТІ ⚡Бүгін еліміздің 20 өңірінде білім қызметкерлерінің республикалық «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» атты тамыз кеңесі басталды.
Биыл республикалық тамыз кеңесі алғаш рет жаңа форматта өткізіліп отыр. Тамыз кеңесінің жаңашылдығы – бұл еліміздің барлық 20 өңірінде тақырыптық бағыттар бойынша ұйымдастырылуда. Оның ішінде Ақтөбе облысына «АУЫЛ МЕКТЕБІН ДАМЫТУ» тақырыбы бекітілген.
Өйткені, өңірде өткен оқу жылында облыс әкімінің бастамасымен шағын жинақты мектептерді қолдауға, білім сапасын теңестіруге арналған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы іске қосылған болатын.
Осы орайда, 25 тамызда Өнер орталығында білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі аясында «АУЫЛ МЕКТЕБІН ДАМЫТУ» тақырыбында бірыңғай республикалық панельдік сессиясы өтті.
Республикалық сессия отырысына Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері, Қазақстан Республикасының мәжіліс депутаттары, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов, облыстық мәслихат депутаттары, аудан, қала әкімдері, білім саласының ардагерлері, салалық кәсіподақ мүшелері, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, балалар құқығын қорғау жөніндегі аймақтардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының, ата-аналар қоғамдастықтарының өкілдері, барлығы 1200 адам қатысты.
Бірыңғай сессия отырысы басталмас бұрын кеңеске қатысушылар «Ауыл мектебі – үздік зияткерлік орта», «Ауыл мұғалімі: үздік білім сапасы», «Шағын жинақты мектеп – үлкен мүмкіндіктер мекені», «Ауыл мектебінің цифрлық әлеуеті», «Ауыл мектебі – медиа орталық» тақырыптарында ұйымдастырылған көрмемен танысып, тамашалады.
Одан кейін панельдік сессияның ресми бөлімі онлайн тәртібінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту Министрі Ғани Бектайұлы Бисембаевтың құттықтау сөзімен басталып, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Ғалымқызы Балаева мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Босымбекқызы Дүйсенованың қатысуымен өтті.
Бірыңғай республикалық панельдік сессия әрі қарай облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың қатысуымен өткен өңірлік тақырыптық алаң жұмысымен жалғасты.
Тақырыптық алаң барысында шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру, жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру, сапалы білім беру қызметтеріне тең қолжеткізуді қамтамасыз ету, цифрлы платформаларды пайдалана отырып, білім алшақтығын азайту мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылды.