Садықов
Асқар
Аманбайұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Астана, 13 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде кейбір заңнамалық актілерге бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті.

Астана, 13 сәуір, Мәжіліс үйі. Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде кейбір заңнамалық актілерге бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу бойынша заң жобасының таныстырылымы өтті. Комитет төрағасы Нұртай Сабильяновтың жетекшілігмен өткен жиынға депутаттармен қатар мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты. Заң жобасы жөнінде ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов баяндама жасады. – Түзетулер кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеу саясатын және ішкі істер органдарының жекелеген функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша қабылданған заңды іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасы аясында 7 кодекс пен 75 заңға 326 түзету енгізілмек, – деді Т.Жақсылықов. Ол бірінші бөлімге бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге бағытталған түзетулер енгізілгенін атап өтті. Заң жобасы он бағыт бойынша, оның ішінде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында жедел ден қою шараларын қолдану тетіктерін айқындайды. Екінші бөлімнің түзетулері кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған. Олар табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеу тәсілдерінің ашықтығын қамтамасыз етуді, балық шаруашылығы саласына қолайлы жағдай жасауды, дағдарыс кезінде төлем балансын қорғау шараларын нақтылауды көздейді.