Бүгін Мәжілісте вице-спикер Альберт Раудың төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. «Қант қызылшасы өндірісін ұлғайту, жеміс-көкөніс өнімдері импортын алмастыру, оларды өңдеу және сақтау мәселелері» тақырыбы бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Мемлекет басшысы сәуірдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген кеңесте соңғы 15 жылда азық-түлік бағасының бұрын-соңды болмаған өсімі байқалғанын атап өткен болатын. Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Раудың айтуынша, биыл ақпанда инфляция 21,3 пайызды құрап, шарықтау шегіне жеткен. Сонымен бірге көрсетілген мерзімде жылдық есеппен алғанда жаңа піскен көкөністер 27,9 пайызға қымбаттаған. – Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру бойынша Үкімет пен әкімдіктер қабылдап жатқан шаралар нәтиже бермей отыр. Оған қоса баға тұрақсыздығы жиі туындайды. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – отандық азық-түлік өндірісін дамыту, жеміс-көкөніс өнімдерімен, соның ішінде қантпен елді толық қамтамасыз ету, – деді палата вице-спикері. Ауыл шаруашылығы министрінің мәліметінше, 2022 жылы 8,7 млрд теңгеге қуаттылығы 21,7 мың тонна жемістер мен көкөністер өндіретін 15 инвестициялық жоба іске асырылған. – Соңғы 3 жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңдары 10,5 мың гектарға ұлғайды. Олар 2022 жылдың қорытындысы бойынша 169,7 мың гектарды құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту, жаңа суармалы жерлер мен су үнемдейтін технологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамытуды, сондай-ақ жаңа инновациялық зауыт салуды көздейтін 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, бекітілді, – деді министр. Е.Қарашөкеев қант қызылшасынан қанттың ішкі қажеттілігінің 43 пайызын қамтамасыз ету үшін оңтүстік өңірлерде 2026 жылға қарай егіс алаңын 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланғанын айтты. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев саладағы олқылықтарды сынға алып, Үкіметке статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметтерді жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажеттігіне назар аударды. – Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңгеге қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан даму үрдісі баяу екенін көрсетіп отыр. Мысалы, егер 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныс 9 пайыз қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7 пайызға, ал 2022 жылы – 6 пайызға төмендеді. Осылайша, ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз, – деді С.Егізбаев.
Отырыс барысында мен өз сұрағымды Ұлытау облысындағы ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша қойдым.
Ұлытау облысында қазіргі уақытта 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 3 түрі ғана өндіріледі. (1 сортты ұн, 1 сортты нан және сиыр еті). 16 түрі (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс майы, макарон, сүт, сүзбе, айран, тұз, май, жұмыртқа, тауық еті) аймаққа сырттан жеткізіледі. Себебі Ұлытау облысында картоп пен көкөніс өнімдерін өнеркәсіптік негізде өсірумен айналысатын агроқұрылымдар жоқ. Сондай-ақ ет-сүт өңдеу кәсіпорындары, өнеркәсіптік бордақылау алаңдары мен сүт-тауар фермалары, заманауи көкөніс қоймалары, ет және жұмыртқа бағыттарындағы құс фабрикалары жоқ.
Осыған байланысты өңірде бұл тауарлар бағасы үнемі қымбаттауда. Облыс ұсынған 6 инвестициялық жоба министрлік тарапынан қолдау таппаған.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен құрылған жаңа облыс өміріне мұндай салғырттықты қалай түсінеміз?
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Ұлытау облысын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және баға саясатын тұрақтандыру бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
ҚАРАШӨКЕЕВ Е.Ш. Сұрағыңызға рақмет.
Ұлытау облысы жаңа құрылған облыс, сол себептен біздің көңіліміз ол облысқа жоғары болмаса, төмен емес. Ұлытау облысының өзінде кешенді даму жоспары бар, сол жоспардың ішінде ауыл шаруашылығы бойынша да жобалар бар. Сол жобалардың барлығын да қаржыландыруға тырысатын боламыз. Сіз айтып отырған Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау мәселесі, 65 сүтті-тауарлы ферма соғу мәселесі ғой. Ұлытау облысына да, басқа облыстарға да біз екі-үштен бердік, ең үлкен көлемін солтүстік облыстарға бердік, яғни тәжірибесі бар облыстар, азық базасы бар облыстар. Келесі жылы ол тәжірибе ары қарай жалғасатын болады. Біз сүтті-тауарлы фермаларын, жаңбырлатып суару әдістемелерін, етті бағыттағы құс фермаларын, балық фермаларын ары қарай жалғастыратын боламыз. Облысты дамыту кешендегі жобалардың бәріне біз қол ұшын беріп көмектесіп, ары қарай дамытатын боламыз. Қазір 65 сүтті-тауарлы ферма осы түрімен бөлінді, Ұлытау облысына да бөлінді. Қателеспесем, сол облысқа екі жоба бойынша қаржы бөлінді-ау деймін. Келесі жылы ол ары қарай жалғасатын болады.
Комитет төрағасы Үкіметке айтылған проблемалар мен ұсыныстарды ескере отырып, саланы дамыту стратегиясы бойынша шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды. Депутаттар импортты алмастыру, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу және сақтау бойынша түйткілді мәселелерді қозғап, құзырлы мемлекеттік органдар өкілдеріне сауалдарын қойды. Жиында айтылған ұсыныстар Үкіметке ресми жолданатын болады.